Бұл туралы «Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қалалық филиалының өкілдері мәлімдеді.
«Азаматтарға арналған үкімет» Шымкент қаласы бойынша филиалы халыққа қызмет көрсету орталықтары арқылы жыл басынан бері ең көп сұратылған мемлекеттік қызметтердің рейтингін жасады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Нәтижесінде үшінші мегаполисте жыл басынан бері халық арасында ең көп сұранысқа ие қызметтің бірі – автокөлікті қайта тіркеу қызметі екені анықталды. Алдын ала есептеулер бойынша, шымкенттіктер 59 мың көлікті қайта тіркеген.
Ал, екінші орында – электронды цифрлық қолтаңба беру қызметі. Жыл басынан Шымкент ХҚО – ларында 44 мыңнан астам ЭЦҚ берілген.
Үшінші орынға жеке куәлік пен паспорт беру қызметі жайғасты. Аталған құжаттарды 42 мыңнан астам азамат рәсімдеген.
“Жүргізуші куәлігін алуға немесе ауыстыруға деген ұмтылыс біздің рейтингімізде төртінші орында тұр. Шымкент қаласы мамандандырылған ХҚО-ларына бұл қызметке 37 мың адам жүгінген.Соңғы бесінші орында жылжымайтын мүлік иелері: жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу қызметі үшін 18 мыңға жуық адам жүгінген”, - деді Азаматтарға арналған үкімет МК Шымкент қаласы бойынша филиалының өкілдері.
"Азаматтарға арналған үкімет" МК Шымкент қаласы бойынша филиалының алдын ала мәліметтері бойынша ХҚО арқылы жыл басынан бері 300 мыңға жуық мемлекеттік қызмет көрсетілген.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекеттік қызметтерді мереке және демалыс күндері, «Мобильді ХҚКО» қосымшасы, egovkzbot2.0 телеграм-боты, Egovmobile мобильді қосымшасы, сондай-ақ, Kaspi және Halyk Homebank банктік қосымшалары арқылы онлайн алуға мүмкіндік бар.
Айта кетейік, елімізде шетелдік автокөліктерді мемлекеттік тіркеу ағымдағы жылдың 23-і қаңтарында басталды. Заңдастыруға өтінішті «электронды үкімет» порталы арқылы онлайн немесе мамандандырылған ХҚКО-ға барып офлайн беруге болады.