​Солтүстік өңірлер жаңа мүмкіндіктер есігін ашады

0
109

Бағдарлама қатысушылары тұрақты жұмысқа орналасу, кәсіптік білім алу және өз ісін бастау үшін микрокредит рәсімдеу мүмкіндігіне ие.


​Солтүстік өңірлер жаңа мүмкіндіктер есігін ашады

Шымкент қаласында Павлодар және Солтүстік Қазақстан облыстарынан келген делегация өкілдері тұрғындармен кездесіп, ерікті қоныс аудару бағдарламасының тиімді тұстарын кеңінен таныстырды.

Кездесу барысында азаматтарға солтүстік өңірлердегі тұрақты жұмыс орындары, мемлекеттік қолдау тетіктері және өмір сүруге қолайлы жағдайлар туралы нақты мәліметтер ұсынылды. Делегация өкілдері қоныс аудару тек жаңа мекенге көшу ғана емес, сонымен қатар жаңа өмір бастауға берілетін мүмкіндік екенін атап өтті.
Делегация құрамында Еңбек мобильділігі орталықтарының директорлары, аудандық мансап орталықтарының басшылары, аудан әкімдіктері әкімдерінің орынбасарлары және жұмыс беруші кәсіпкерлер бар.
Мұндай түсіндіру жұмысы алдағы 8 күн бойы жалғасады. Кездесу мекенжайы - Астана шағынауданы, 106.
Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға жан-жақты мемлекеттік қолдау көрсетіледі. Атап айтқанда, көшуге берілетін бір реттік субсидия әр отбасы мүшесіне 70 айлық есептік көрсеткішті (2026 жылы – 302 750 теңге) құрайды.
Сонымен қатар тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтер шығындары 12 ай бойы өтеледі. Қала тұрғындары үшін бұл төлем 20-30 АЕК (86 500-129 750 теңге), ал ауылдық жерлерде 15-21 АЕК (64 875-90 825 теңге) көлемінде белгіленіп, отбасы санына қарай сараланады.
Бағдарлама қатысушылары тұрақты жұмысқа орналасу, кәсіптік білім алу және өз ісін бастау үшін микрокредит рәсімдеу мүмкіндігіне ие.
Сондай-ақ тұрғын үй сатып алуға арналған экономикалық ұтқырлық сертификаты ұсынылады. Сертификат мөлшері баспана құнының 50 пайызын құрайды, бірақ 1625 АЕК-тен (7 028 125 теңге) аспайды.
Бөлісу