Бұл – Шымкент спортының үлкен жетістігі
Әзербайжанның Баку қаласында өткен U17 жасөспірімдер арасындағы күрестен әлем чемпионатында Шымкент қаласының спортшысы Дияр Аманәлі тарихи жетістікке қол жеткізіп, әлем чемпионы атанды.
Әлемнің түкпір-түкпірінен жиналған кіл мықты палуандар бақ сынаған байрақты бәсекеде Дияр жарыс бойы жоғары шеберлігі мен қайсар мінезін көрсетіп, қарсыластарына еш мүмкіндік қалдырмады. Ол алдымен Грекия өкілі Николас Зинисаны айқын басымдықпен жеңіп, кейін ресейлік Эдем Пазиевті 3:1 есебімен тізе бүктірді. Ширек финалда Грузия спортшысы Гиорги Кеделидзеден 2:1 есебімен басым түссе, жартылай финалда Болгария палуаны Данимир Иордановты жеңіп, финалға жолдама алды.
Ал шешуші белдесуде Мажарстан өкілі Кеве Ковачты жеңіп, әлем чемпионатының алтын медалін жеңіп алды.
Бұл – Шымкент спортының үлкен жетістігі әрі ел мерейін үстем еткен тарихи жеңіс. Дияр Аманәліні және оның бапкерлерін айтулы жеңісімен шын жүректен құттықтаймыз.


