"Таза қала - өзіңнен басталады": Шымкентте бір айда 260 мыңнан астам адам экоакцияға қатысты

0
1 004

Кезекті сенбілікт өзен жағалауын тазартуға күш салынды.


Бүгін де Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтің бастамасымен өтіп жатқан "Таза қала — өзіңнен басталады" деп аталатын акция барысында үшінші мегаполис тұрғындары әдеттегідей жалпықалалық сенбілікке шығып, қаланың көркін ашатын жұмыстарға атсалысты.

Қазан айы - Шымкент тұрғындары үшін тазалық айы десе болғандай. Қаланың бүгінгі әкімі Ғабит Әбдімәжитұлы үшінші мегаполистің тізгінін ұстағанына көп болмаса да, жұмысын бірден қала тазалығына мән беруден бастаған секілді. Оған себеп те жоқ емес. Шымқала тұрғындары тазалық бойынша тиісті орындарға аз шағымданбайтын.

Тиісінше, жаңа әкім шаһар басшылығына келген қызметінің екінші айында-ақ жеке бастамасымен қала тұрғындарын жаппай тазалыққа шақырып, сенбілікке өзі де белсене қатысып жүр. Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі таратқан ақпараттарға сүйенсек, тек қазан айының өзінде ғана өткен сенбіліктерге 260 мыңнан астам қала тұрғындары қатысыпты. Бұл дегеніміз қаланың экологиялық жағдайына бей-жай қарамайтын әкім мен оның бастамасын қолдайтын халықтың да көзқарасы оң дегенді білдіргендей-ақ.


Әкімнің бастамасымен бастау алған "Таза қала — өзіңнен басталады" акциясының алғашқы күні-ақ қаланың 81 елді мекенінің аумағы күл—қоқыстан тазартылған. 7 қазан күні басталған акция аясында 50 мыңға жуық тұрғын бұл сенбілікке белсене қатысып, әсіресе жиналып қалған қоқыс үйінділерін жіті тазалауға күш салынған.

Кезекті экоакция тәртіп бойынша 14 қазанда жалғасын тауып, қала тұрғындарының ынтымақ-бірлігін сынаған күн болды десе болғандай. Тұрғылықты мекеніне бей-жай қарамайтын тұрғындарға арналған алдын ала хабарландыру нәтижесін беріп, бұл жолы айнала ортаны тазалауға 60 мың шымшаһарлық сенбілікке өз үлестерін қосты.

Бұл жолы көптен күтім көрмеген Фосфоршылар сарайының айналасы мұнтаздай тазартылып, оған мыңға жуық еріктілер мен белсенділер, мемлекеттік қызметшілер, кәсіпкерлер мен басқа да жанашырлардан құралған топқа жақын маңдағы тұрғындар разылығын жеткізген. Жалпы осы күні 60 мыңға жуық шымқалалықтар сенбілікке шығып, өздерінің табиғат пен қоршаған ортаға деген жанашырлығын тағы бір танытқан күн болды десе болғандай.

Келесі бір келелі күн Республика мерекесіне орай жалғасын тапты. 21 қазанда Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес ұйымдастырылған ұлық мереке күніне орай өткен «Жаңа Қазақстан. Таза табиғат» атты жалпы республикалық экологиялық акциясынан да шет қалған жоқ шымкенттіктер. Бұл күні сенбілікке шығушылар Шымкенттің жасыл бұрышы саналатын бірден бір аумақ Асанбай Асқаров атындағы дендрологиялық саябақтың ішінен табылды. Бұл ретте де қала әкімі Ғабит Сыздықбеков экожанашырларының ішінен табылып, парк аумағындағы қураған бұталардан, қоқыстан тазартып реттеуге бағытталған жұмыстарға өз үлесін қосып жүргеніне куә болдық. Бұл күні мааңызды мереке қарсаңында өткен сенбілікке 72 мыңнан астам азамат қатысып, 358 текшеметр қоқыс шығарылған болатын.

Қала әкімінің бастамасымен бүгін де шымкент қаласының аумағы тазалықтан тағы да терең тыныс алғандай. Себебі, «Таза қала – өзіңнен басталады» атты экологиялық акция бүгін де жалғасын тауып, әдеттегідей көпшіліктің көмегімен, біріге жасалған жұмыстың арқасында Бадам өзенінің маңы мен жағалаулары мұнтаздай боп шыға келді. Апта сайынғы сенбілік дәстүрге айналғандай, қаладағы басқарма өкілдері, депутаттар мен зиялы қауым өкілдерімен бірге ерікті жастар да атсалысып, 462 текшеметр күл-қоқыс шығарылды. Жалпы 78 мыңнан астам адам қатысқан сенбілікте әрбір қатысушы Шымқаланың экологиялық болашағына бей—жай қарамайтынын ісімен-ақ жеткізді деуге болады.


Айта кету керек, Шымкент қаласының әкімі Ғабит Әбдімәжитұлының бастамасымен қолға алынған «Таза қала – өзіңнен басталады» акциясы қараша айында да жалғасын тауып, қаланың тынысы ашыла түспек. Сонымен қатар, қараша айында сенбілік жұмыстары қатарында қала аумағына ағаш көшеттерін отырғызу да жоспарда бар екендігін хабарлаған болатын Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі.

Бұл дегеніміз, Президент тапсырмасына сәйкес, қаланың тұрғындары үшін қолайлы ортаны құруға, көгалдандыру мен сапасын арттыруға бағытталған жұмыстардың бірі. Сәйкесінше, қойылған талаптар да, берілген тапсырмалар да жіті орындалып, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырумен Экология және табиғи ресурстар министрлігінің бастамасымен қолға алынған 2021-2025 жылдарға бағытталған «Жасыл Қазақстан» ұлттық жобасының бір міндеті орындалып келе жатыр деуге болады.