​ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ТАРИХЫ МЕН БОЛАШАҒЫНЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ БӨЛІГІ

0
854

Теңге бағамын таңдау өте маңызды мәселе болды.


​ТӨЛ ТЕҢГЕМІЗ - ҚАЗАҚСТАННЫҢ ЖАҢА ТАРИХЫ МЕН БОЛАШАҒЫНЫҢ ТОЛЫҚҚАНДЫ БӨЛІГІ

Бүгінгі таңда Теңге Тәуелсіздіктің экономикалық негізі, егемендіктің символы, Қазақстанның жаңа тарихы мен болашағының толыққанды бөлігі болып табылады. Ұлттық валюталардың дизайны дамыған Қазақстанның, мемлекеттік рәміздердің, еліміздегі сәулет құрылыстары мен табиғи ландшафттарының бейнелерін қамтиды.

1993 жылы 12 қарашада Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның ұлттық валютасын енгізу туралы» Жарлыққа қол қойды. 30 жыл бұрын Қазақстанда нарықтық экономика негіздерін қалыптастыру өте күрделі экономикалық жағдайлар кезінде басталды. Нарыққа көшу қиын болды, өйткені Қазақстан сыртқы қаржы факторларына тәуелді болды. Осындай күрделі экономикалық жағдайда елде өзінің ұлттық валютасын енгізуге дайындық жүргізілді.
Теңгенің бейнесін салу жөніндегі шығармашылық топқа Тимур Сүлейменов, Меңдібай Алин, Ағымысалы Дүзелханов және Хайрулла Ғабжалилов кірді. Олар банкноттардың бірнеше эскиздері мен төрт түрлі нұсқасын жасады. Төртінші нұсқада қазақтың көрнекті ғылым және мәдениет қайраткерлерінің - қазақ мемлекетінің негізін қалаушыларының портреттері бейнеленді және осы нұсқа таңдалды.
Ақпараттың қажетсіз таралуын болдырмау үшін валютаны шетелде, атап айтқанда Англияда басып шығару туралы шешім қабылданды. 1992 жылдың қыркүйек айында Ұлыбританияда «Харрисон және ұлдары» фирмасы ұлттық валютаның жобалық даналарын (қол таңбаларын) дайындады.
Оларды Мемлекет басшысы мақұлдап, содан кейін тапсырыс беруге рұқсат келіп, банкноттар «Harrison & Sons» отбасылық баспаханасында басылды. 1992 жылы желтоқсан айының ортасында алғашқы Қазақстандық банкноттардың өндірісі басталды. 1993 жылы наурыз айының соңына қарай барлық тапсырыс орындалды. Сапалы және жоғары дәрежеде қорғалған теңге жасалды. Жеке номиналдардың 18 қорғаныш элементі болды. Бұл тапсырыс «Харрисон мен ұлдары» компаниясына әлемдік даңқ пен ерекше марапат әкелді, компания Ұлыбритания Королевасының Алтын белгісін алды. Сондықтан компанияның кеңсесінде құрметті орында қазақстандық валюта бейнеленген қалқан ілулі тұр.
Теңге бағамын таңдау өте маңызды мәселе болды. Ел Президенті бұл тапсырманы сала мамандарына тапсырды. Мамандар ұзақ уақыт бойы бір қалыпты немесе өзгермелі курсты, қайсысын таңдау керек екендігін талқылады. Бір валютаға немесе валюта себетіне байланыстыру керек пе, оны да талқылады. Нәтижесінде өзгермелі бағам мен теңгенің ішінара айырбасталуы дұрыс екендігіне тоқталды. Сонымен, бірінші курс 4,75 теңге = 1 АҚШ долларын құрады. 1993 жылғы қараша айында 1 АҚШ доллары 5 теңгеден төмен болды. Теңгені айырбастау 1993 жылғы 15 қараша күні таңғы сағат 8-де басталды. Бұл процесс шамамен бес күнге созылды. 16 жастан асқан қазақстандық адам 100 мың рубльге дейін айырбастай алды, ол кезде 200 теңгеге тең болды.