Шымкентте көшпелі кездесулердің қорытынды күнінде қала әкімі Еңбекші және Абай аудандарының тұрғындарымен кездесу өткізді. Өзекті мәселелер мен бастамаларды талқылауға Бадам-1, Тоғыс, Игілік және Қызылжар тұрғын алаптарының тұрғындары қатысты.
Кездесу барысында жер қатынастары, емхана мен спорт кешенінің құрылысы, су бұру жүйелерінің жұмысы, балалар және спорт алаңдарын абаттандыру, сондай-ақ, ирригациялық каналдардың мәселелері көтерілді.
Сонымен қатар, көпшілік Тоғыс тұрғын алабындағы мәдениет үйі мен балабақшаны жөндеу, Маятас және Игілік шағынаудандарында медициналық пункттер салу, Нұршуақ тұрғын алабында жастар орталығын салу, сондай-ақ, Бадам өзені жағалауының бойымен жаяу жүргіншілер жолын салу бойынша ұсыныстарын білдірді.
Бұдан бөлек, жаңа шағынаудандарда көше-жол желісін дамыту, инженерлік инфрақұрылым тарту және жолдарды асфальттау, қоғамдық көлік қозғалысының сызбасын өзгерту, атауы жоқ көшелерге атау беру мәселелері талқыланды.
Қала әкімі тазалық пен тәртіпті сақтаудың маңыздылығын атап өтіп, барлық өтініш белгіленген тәртіппен жан-жақты қаралатынын жеткізді. Есептік кездесулердің қорытындысы бойынша тұрғындардың өтініштері толық талданып, кезең-кезеңімен іске асыру жоспары әзірленеді.


