​Үкімет бағдарламасы: Шымкенттен 206 адам солтүстікке ерікті қоныс аударды

0
142

Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау қарастырылған.


​Үкімет бағдарламасы: Шымкенттен 206 адам солтүстікке ерікті қоныс аударды

Шымкент қаласында өңіраралық еңбек ұтқырлығын арттыру бағдарламасы аясында ерікті қоныс аудару жұмыстары жалғасып жатыр.

Биылғы үш айдың қорытындысы бойынша 48 отбасынан 206 адам солтүстік өңірлерге қоныс аударған.

Қоныс аударғандардың басым бөлігі – Қаратау ауданынан. Аталған ауданнан 27 отбасы, яғни 113 адам көшкен. Сонымен қатар Абай ауданынан 12 отбасы (46 адам), Әл-Фараби және Еңбекші аудандарынан 3 отбасыдан (әрқайсысынан 16 адам), Тұран ауданынан 3 отбасы (15 адам) қоныс аударды.
Жалпы көшкендердің 112-сі – балалар, 67-сі – еңбекке жарамды азаматтар. Ал 27 адам бала күтімімен айналысатындар мен зейнеткерлер қатарында.
Қала тұрғындарына ерікті қоныс аудару бағдарламасы жөнінде түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Мансап орталықтарының мамандары шаһар аумағында және шалғай елді мекендерде ақпараттық кездесулер ұйымдастырады.
Бағдарлама аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау қарастырылған. Атап айтқанда, әр отбасы мүшесіне бір рет 70 айлық есептік көрсеткіш (АЕК) көлемінде көшуге арналған субсидия беріледі. 2026 жылы бұл сома 302 750 теңгеге тең.
Тұрғын үйді жалдау және коммуналдық қызметтерге ақы төлеу шығындары растайтын құжаттар негізінде 12 ай бойы ай сайын өтеледі. Қалалық жерге қоныс аударғандар үшін:
– бір адамға – 20 АЕК (86 500 теңге),
– 2-4 адамнан тұратын отбасыға – 25 АЕК (108 125 теңге),
– 5 және одан көп адамнан тұратын отбасыға – 30 АЕК (129 750 теңге) төленеді.
Ауылдық жерге қоныс аударғандар үшін:
– бір адамға – 15 АЕК (64 875 теңге),
– 2-4 адамға – 18 АЕК (77 850 теңге),
– 5 және одан көп адамға – 21 АЕК (90 825 теңге) мөлшерінде субсидия қарастырылған.
Сонымен қатар, қандастар мен қоныс аударушыларға тұрғын үй сатып алу үшін экономикалық ұтқырлық сертификаты беріледі. Сертификат тұрғын үй құнының 50 пайызы мөлшерінде, бірақ 1 625 АЕК-тен (7 028 125 теңге) аспайды.
Бөлісу