ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ: Шымкентте ат дүбірі естіліп, спортшылар атшабарда атой салды

0
460

Іс-шара рухты ән шашумен басталып, қыздар арасындағы конкурдан ашық турнирге ұласты.


ҰЛТТЫҚ СПОРТ КҮНІ: Шымкентте ат дүбірі естіліп, спортшылар атшабарда атой салды

ERNUR.KZ. Бүгін 20 наурыз – Ұлттық спорт күніне орай, Атшабарда қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен ұлттық ат спорт түрлерінен жарыстар өтті.

Іс-шара рухты ән шашумен басталып, қыздар арасындағы конкурдан ашық турнирге ұласты. Сәйгүлікті тізгіндеп, кедергілерден секіріп өткен арулар сайыстың көркін келтірді. Екінші кезекте ат жалынында желпініп өскен саңлақтар теңге ілу жарысында бақ сынады. Ал білекті жігіттер аударыспақ ойынында өз өнерлерін ортаға салды.
Одан кейін бекзат өнерімізді жанына серік еткен көкпаршылар аламанға шықты. Бұл додада «Адырна» мен «Арғымақ» командалары сайысқа түсіп, тартысты өткен бәсекеде 6:5 есебімен Адырналықтардың мерейі үстем болды.
Мерекелік шарада ұлттық көне ойынның бірі қыз қуу сайысы көрермендерді тәнті етті. Жарыс барысында жігіт қызды қуып жетіп, иығындағы орамалды шығыршықтан суырып алса, кейде бұрылыстан соң қамшы астында қалып жатты.
Ары қарай бәсеке еліміздің көне жауынгерлік ойыны жамбы атумен жалғасты. Ат құлағында ойнаған ұл-қыздар жүйрік тұлпармен шауып бара жатып, белгіленген нысананы көздеді. Осы арада дәстүрлі садақ жарысы ұйымдастырылып, хас шеберлік танытқан мергендер өнерлерін көрсетті.
Сайыс соңында көрермендер асыға күткен бәйге жарысы болды. Жүйріктер жеті айналым шауып өтіп, межелі 14 шақырымды бағындырды. Бұл додада бабы мен бағы қатар шапқан «Бегімай» атты арғымақ оқ бойы озық келді.
Айта кетейік, ұлттық спортымызды дәріптеген мерекелік сайыс аяқталған соң, жеңімпаздарды арнайы марапаттау рәсімі өтті.