ҰЛЫ ЖЕҢІС қарсаңында «ДАҢҚ» мемориалдық кешенінде тазалық жұмыстары өтті

0
104

Мұнда Шымкент қаласы мен қазіргі Түркістан облысынан майданға аттанған 145 мыңнан астам жауынгердің есімі қашалып жазылған.


 ҰЛЫ ЖЕҢІС қарсаңында «ДАҢҚ» мемориалдық кешенінде тазалық жұмыстары өтті

Шымкент қаласындағы «Даңқ» мемориалдық ескерткіштер кешенінде Ұлы Жеңістің 81 жылдығына орай ауқымды тазалық жұмыстары ұйымдастырылды.

Сенбілікке Тұран аудандық әкімдігіне қарасты коммуналдық мекеме қызметкерлері, Жастар ресурстық орталығының белсенділері мен еріктілер қатысты.

Тазалық шарасы барысында «Мәңгілік алау» маңы, мәрмар тақталар орналасқан аумақ, жаяу жүргіншілер жолдары мен жасыл желек аймақтары ретке келтірілді. Қатысушылар қураған бұталарды шауып, айналаны күл-қоқыстан тазартты. Сонымен қатар мәрмар тақталар жуылып, шаңнан тазартылды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, шараның мақсаты – майдангерлер рухына тағзым етіп, тарихи жадыны дәріптеу. Әсіресе жастардың белсенді қатысуы патриоттық тәрбиені нығайта түседі.
Айта кетейік, «Даңқ» мемориалдық кешені 2010 жылы бой көтерген. Мұнда Шымкент қаласы мен қазіргі Түркістан облысынан майданға аттанған 145 мыңнан астам жауынгердің есімі қашалып жазылған. Сонымен қатар Кеңес Одағының Батыры және «Даңқ» орденінің иегері атанған 51 жерлесіміздің есімдері де ерекше құрметпен ұлықталған.
Жыл сайын 9 мамыр қарсаңында қала тұрғындары мемориалға келіп, боздақтарды еске алып, гүл шоқтарын қояды. Бүгінгі тазалық жұмыстары да осы тағылымды дәстүрдің жалғасына айналды.
Бөлісу