"Үш ұйықтасам түсіме кірмеді": Батысқа шөп тасыған Құрмет баспаналы болды

0
1 075

Екі күн ішінде 9 миллионнан астам қаражат жиналған.


Биылғы қуаңшылық кезінде елдің батыс өңіріне вагон-вагон шөп жеткізген Құрмет Талапқазы баспаналы болды, деп хабарлайды ERNUR.KZ.

Құрметке үй алып беру акциясы осыдан бірнеше күн бұрын басталған болатын. Екі күн ішінде 9 миллионнан астам қаражат жиналған. Елден жиналған қаржыға үстінен дәл сондай көлемдегі қаржыны белгілі меценат Дулат Тастекей қосқан.

«16-сы күні аспаннан марапат жауған күн болды ғой. Әлеуметтік желіде жаппай халық Құрметіміз ең болмаса Құрмет грамотасына лайық еді. Неге ескермеді, деп халық боп маған жаза бастады. Құрметке халық болып өзіміз баспана сыйлайық деген ұсыныстар түсті», - деді танымал журналист Мақсат Толықбай.

Сонымен 19 миллион теңге жиналып қоғам белсендісіне Шымкент қаласы Ынтымақ ауданынан 3 бөлмелі жер үйдің кілті табысталды. Баспана кілтін танымал журналист Мақсат Толықбай мен белгілі меценат Дулат Тастекей табыстады.

«Құрметке үйдің Шымкент қаласынан берілуінің бірден-бір себебі, ол осы қалаға оқуға грантқа түсті. Одан бөлек жұмыс істейтіні бар, тұратын пәтер керек», - деді Мақсат Толықбай.

Айтуларынша, Құрмет өзі мал шаруашылығына қызыққан соң жер үйді қалаған екен. Алдағы уақытта мал асырап қымыз ашытумен айналысқысы келетінін де жасырған жоқ. Тіпті үйдің ауласында дүкені де бар көрінеді.

«Ең бірінші отбасымды әкелсем деймін. Халқыма рахмет! Көмектескен барша жанға алғысым шексіз. Осындай қуанышты күнде құрбандық шалып, қуанышымды елмен бөлісіп жатырмыз. Алдағы уақытта оқуымды жалғастырып, аздап мал-шаруашылығымен сауданы қолға алу ойымда бар. Мұндай сыйлық үш ұйықтасам түсіме кірмеді», - деді қуанышымен бөліскен Құрмет.