Жоспарланған 18 мектеп құрылысы пайдалануға берілген жағдайда жаңадан ашылған шағын аудандардың және сынып толымдылығы жоғары мектептер мәселесі толығымен шешілетін болады.
Бүгін қала әкімінің орынбасары Н. Ергешбек жауапты басқарма басшыларымен бірге арнайы жиында жаңа мектептердің құрылыс барысын талқылады, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Қалада «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында 2025 жылға дейін 28 мың орындық 18 мектептің құрылысын салу жоспарлануда. Биыл 17 300 орындық 12 ғимаратты салуға республикалық бюджеттен тиісті қаражат қаралған. Ал, 10 700 орындық 6 мектептің құрылысы 2024 жылы басталады деп жоспарлануда.
Қазір қала аумағында 18 білім нысанының орны анықталған. Абай ауданында - 7, Әл-Фараби ауданында -1, Еңбекші ауданында - 2, Қаратау ауданында - 6, Тұран ауданында - 2 мектептің құрылысы бекітілді. Бүгінгі таңда 13-нің жер учаскесіне мемлекеттік акт алынған. Ал, қалған 5 нысанның жер учаскесі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде. Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы 4 ғимараттың құрылысына бөлінген жер телімдерін мемлекет мұқтажына алуда тиісті шараларды атқаруда.