Реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы дамытуға және цифрлық бағдарламаларды тиімді іске асыруға бағытталуы тиіс.
Шымкент қаласының Абай ауданында Қазақстан Республикасының жаңартылған Конституциясының негізгі ережелерін түсіндіруге арналған кездесу өтті. №136 мектеп ғимаратында ұйымдастырылған басқосу әртүрлі буын өкілдерін біріктіріп, ашық пікір алмасу алаңына айналды.
Жиын барысында қатысушылар реформаның негізгі бағыттарына тоқталып, оның әрбір азамат үшін маңыздылығын атап өтті. Абай ауданытұрғындары Конституциядағы өзгерістердің ел болашағына бағытталған стратегиялық қадам екенін жеткізді.
Кездесуде сөз алған қалалық Ақсақалдар кеңесі төрағасының орынбасары Батырбек Жалмурзаев жаңа құжат келер ұрпақтың өмір сүру сапасына тікелей әсер ететінін айтты.
– Біздің мемлекетіміз әрқайсымыздан, балаларымыз бен немерелерімізден құралады. Ең басты тілегім – олардың бейбітшілік пен берекеде өмір сүруі. Заңға енгізілген өзгерістер дәл осы болашақ үшін қызмет етуі тиіс. Әр азамат 18 жастан бастап ел тағдырына бейжай қарамауы керек. Бұл – біздің жеріміз, Қазақстан жері. Белсенді әрі саналы болу – жүрек қалауынан туындауы қажет, – деді ол.
Өз пікірін білдірген шаһар тұрғыны Нарипа Туктыбаева да реформалардың ауқымдылығына назар аударды.
– Біз Қазақстанның жаңа Конституциясын толық қолдаймыз. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың бағыты дұрыс деп санаймын. Ел ретінде алға қадам басуымыз қажет, – деді ол.
Сонымен қатар Әділ билер республикалық қоғамдық бірлестігінің Шымкент қалалық филиалының төрағасы Нұржан Жанзаков экономикалық мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, реформалар халықтың әл-ауқатын арттыруға, экономиканы дамытуға және цифрлық бағдарламаларды тиімді іске асыруға бағытталуы тиіс.
Мұндай кездесулер тұрғындарға Конституцияға енгізілген өзгерістердің мәнін кеңінен түсіндіруге ғана емес, сонымен қатар кері байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Жиын қорытындысы бойынша тұрғындар жаңа құжатқа қолдау білдіретіндіктерін жеткізді.


