Олардан шығатын әжетхана суы, "ваннаның" суы, уланған судың бәрі арнайы тазалау жабдықтары жоқ үлкен бір шұңқырға құйылып жатыр. Ол су оңға, солға тасымай жер астына сіңіп жатыр.
Шымкент қаласы, Абай ауданы Қызылжар тұрғын алабына әлі күнге ауыз су жүйесі тартылмаған, деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Бұны жергілікті тұрғын Абай ауданының әкімі Бұқарбай Пармановтың есебінде мәселе етіп көтерді. Айтуларынша, Қызылжар тұрғын алабында бүгінде 4 балабақша, 1 мектеп бар екен. Олардан шығатын әжетхана суы, "ваннаның" суы, уланған судың бәрі арнайы тазалау жабдықтары жоқ үлкен бір шұңқырға құйылып жатыр. Ол су оңға, солға тасымай жер астына сіңіп жатыр. Салдарынан таза ауыз суы ластанып жатыр екен. Ал, маңайдағы 500 үй құдықтан су ішеді.
«Ол жерге ешқандай ауыз су жүйесі тартылмаған. Адамдар сол шұңқырдан 50-100 метр жердегі құдықтан су ішіп жатыр. Жаңа су кіргіземін дедіңіз, ертең сол жерде тазалау жабдықтары бола ма? Әлде аэропорттың канализациясының тазалау жабдығы бола ма? Сол жағы бізге түсініксіз болып тұр. Егер ол болатын болса, қашан іске қосылады? Себебі, таза су қазір негізгі мәселе. Жатырдағы бала, кішкентай сәби де сол лас суды ішіп уланып жатыр. Бұл мәселеге назар аударып, қаражат табуларыңыз керек», - дейді Қызылжар тұрғын алабының тұрғыны Мұратбек Сатыбалдыұлы.
«Уақытты алмай, сіздің сұрағыңызды есепке алайық. Ауыз су мәселесі жүреді. Кәріз жүйесін жаңа түсіндіріп өттім. Ал, енді аэропорттағының жобалық сметалық құжаттары дайын. Оған қаржы бар. Қаржы бөлініп, жұмыстар жүргізілетін болады. Өзіңізбен тағы қосымша хабарласамыз», - деп қысқа қайырды аудан әкімі.