Жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында қарағандылық Алан Құрманғалиев Хана Годамен (Мысыр) бірге аралас жұптық разрядта әлем чемпионы атанды.
ERNUR.KZ. Финалдық матчта Қазақстан-Мысыр дуэті Тьяго Абиодан/Мария Берзостан (Португалия/Испания) басым түсті, деп жазады sputnik.kz.
"Бұл тарих! Біздің жас Алан Құрманғалиев әлем чемпионы атанды. Біздің үлкен үстел теннисі отбасымыз бұл нәтижеге өте қуанышты және оны спортшының қажырлы еңбегі мен өз ісіне деген сүйіспеншілігінің нәтижесі ретінде бағалайды!",- деді үстел теннисі Федерациясының президенті Данияр Әбілғазин.
Ол 17 жастағы Алан жыл бойына тұрақты нәтиже көрсетіп, 19 халықаралық турнирдің медалін жеңіп алғанын атап өтті.
"Бүгін ол Қазақстанның атынан үстел теннисінен алғашқы әлем чемпионы атанып, тарихи оқиға жасады. Біздің еліміз осы спорт түрінен жаңа халықаралық деңгейге шықты. Бұл бәріміз үшін өте маңызды және әсерлі сәт", - деп толықтырды федерация басшысы.
Ол чемпионды тәрбиелеген жаттықтырушы Эльмира Әлиеваға алғыс білдірді.