ERNUR.KZ. Футбол жанкүйерлерін бір ай бойы қызыққа бөлеген ХХІ Әлем чемпионатының шымылдығы жабылды. Жарты әлемнің жанарын жаулаған жаһандық дода сіз бен біз күтпеген сенсацияларға толы болды.
Алдымен осының алдындағы әлем чемпионы Германия құрамасы топтық кезеңнен аса алмай, еліне ерте қайтты. Ол аздай, плей-офф кезеңінің алғашқы айналымында әлем футболының қос мықтысы Роналду мен Мессидің құрамасы қатардан шығып алды. Қызық бұнымен де біткен жоқ, чемпионаттың басты фавориттерінің бірі – Испания құрамасы да тым ерте Мәскеу-Мадрид бағытына билет алды.
Ал 1/4 финалда Бразилия мен Уругвай жарыс жолынан шығып, жартылай финалда әлем чемпионы деген атағы бар екі-ақ команда қалған. Бірақ осы жылы жаңа чемпион шығар деген жанкүйер үміті ақталмай, ең соңында Франция футболшылары топ жарды.
Енді чемпионат барысындағы санды мәліметтерді сөйлетіп көрейік: Биыл 169 гол соғылды, орта есеппен әр ойында – 2.6 гол. Бұл көрсеткіш бойынша 1998 және 2014 біріншіліктерге ғана жетпей қалды. Ол екі чемпионатта 171 гол соғылған болатын.
Ресей жерінде 12 автоголдың куәсі болдық. Бұл да – рекордтық көрсеткіш. Бұған дейінгі ең көп автогол 1966 жылы тіркелген. Англияда өткен чемпионатта футболшылар 6 мәрте өз қақпасын көздеп алған.
Төрешілер ойыншыларға 219 сары қағаз, 4 қызыл қағаз көрсетті. Орта есеппен әр матчта 3.5 рет ескерту жасалып отырған.
Ең нәтижелі құрама– Бельгия. Азар бастаған жігіттер 16 гол соқты. Ал ең көп соққы жасаған – Хорватия құрамасы. Хорваттар 7 матчта 352 мәрте қарсылас қақпасын дәл көздеуге тырысқан екен. Англия құрамасы ең көп пас алмасқан құрама ретінде тіркелді. Олар жеті ойында 3336 мәрте өзара пас жасаған.
Ал ең көп гол соққан Англия шабуылшысы Гарри Кейн. 6 гол соққан Кейн чемпионаттың үздік сұрмергені атағына ие болды.
Үздік голдық пас шығарушылар үшеу. Месси, Эден Азар, Хамес Родригес үшеуі де командаластарының гол соғуына екі реттен мүмкіндік жасаған.
Ең көп сэйв жасаған қақпашы – Тибо Куртуа. Бельгия құрамасының қақпашысы жеті ойында 27 мәрте өз қақпасын голдан қорғап қалған. Ал ең нәтижелі ойын Бельгия – Тунис кездесуі (5:2).
Дереккөз: 24.kz