"Челси" клубтар арасында әлем чемпионатының жеңімпазы атанды

0
122

Ағылшын клубы чемпиондық атақпен қатар қомақты сыйақыға ие болып, қазынасын біршама толтырды.


ERNUR.KZ. Ағылшынның атақты "Челси" клубы 2025 жылғы клубтық әлем чемпионатының жеңімпазы атанды. Финалда Лондон командасы Францияның "Пари Сен-Жерменін" 3:0 есебімен ойсырата жеңді.

Финалдық матч АҚШ-тың Ист-Ратерфорд қаласындағы әйгілі "Метлайф Стэдиум" аренасында өтті. Ойын тағдырын алғашқы таймда-ақ шешіп тастаған "Челси" қарсыласына еш мүмкіндік бермеді. 22-ші минутта есепті Коул Палмер ашып, араға сегіз минут сала дубль авторы атанды. Ал үзіліске дейін, 43-ші минутта Жоау Педро тағы бір голмен ойынға нүкте қойды. Бұл голға да Палмердің үлесі зор. Себебі нәтижелі пас берген дәл өзі.

Айта кету керек, биылғы клубтық әлем чемпионаты алғаш рет жаңа форматта ұйымдастырылды. Енді бұл додаға алты құрлықтың 32 үздік клубы қатыса алады. Бұл футбол географиясын кеңейтіп, бәсекені бұрын-соңды болмаған деңгейге шығарған тарихи қадам.

"Челси" бұл атақты өз тарихында екінші мәрте жеңіп отыр. Алғашқы мәрте ағылшын клубы 2021 жылы финалда бразилиялық "Палмейрас" командасын ұтып, чемпион атанған болатын. Ал абсолют рекорд әзірге "Реал Мадрид" клубына тиесілі. Испаниялық алпауыт клуб бес мәрте әлем чемпионы атанған.

Финалдағы жеңіс "Челси" қазынасын да едәуір байытты. Ағылшын клубы шешуші матч үшін 40 миллион доллар сыйақы иеленсе, турнир қорытындысы бойынша жалпы 115,6 миллион доллар табыс тапты.