Финал 30 мамырда Венгрия астанасы Будапешт қаласындағы «Пушкаш-Арена» стадионында өткізіледі.
Фото: UEFA.com
ERNUR.KZ. Футболдан UEFA Чемпиондар лигасы ширек финалының алғашқы екі ойынының нәтижесі белгілі болды, деп жазады inform.kz.
Бұл кезеңге 1/8 финалда қарсыластарын қапы қалдырған «Спортинг», «Арсенал», «Реал Мадрид», «Бавария», «Пари Сен-Жермен», «Ливерпуль», «Барселона», «Атлетико Мадрид» командалары жолдама алған еді.
7 сәуірге белгіленген екі ойынның бірінде «Реал Мадрид» (Испания) пен «Бавария» (Германия) жасыл алаңға шықты. Екі команда кездесудің алғашқы минутынан шабуылға көбірек көңіл бөлді. Әсіресе, германиялық клуб жылдам соғуға тырысты.
Ойынның 41-минутында «Бавария» сапынан Луис Диас өз мүмкіндігін мүлт жібермей, өз командасын алға шығарды.
Екінші кезеңде 46-минутта германиялық клубтан Гарри Кейн есепті үстемелей түсті.
Оған испаниялық клубтан Килиан Мбаппе 74-минутта бір голмен жауап қайырды.
Бұл кездесуде «Реал Мадрид» қарсыласына 1:2 есебімен есе жіберді.
Тағы бір кездесуде «Спортинг» (Португалия) пен «Арсенал» (Англия) шеберлік байқасты.
Ойынның бірінші кезеңінде командалар бір-бірінің қақпасынан саңылау таба алған жоқ.
Екінші кезеңнің 91-минутында «Арсенал» сапына Кай Хаверц соққан гол англиялық клубқа жеңіс алып келді.
Осылайша олар қарсыласынан 1:0 есебімен басым түсті.
Енді 8 сәуірде «Пари Сен-Жермен» (Франция) мен «Ливерпуль» (Англия), «Барселона» (Испания) мен «Атлетико Мадрид» (Испания) ойнайды.
Айта кетсек, ¼ финалдың қарымта ойындары 14-15 сәуір күндеріне белгіленсе, жартылай финал 28-29 сәуір және 5-6 мамырда болады.
Финал 30 мамырда Венгрия астанасы Будапешт қаласындағы «Пушкаш-Арена» стадионында өткізіледі.


