Елена Рыбакинаның азаматтығына байланысты дау шықты

0
95

Елена Рыбакина 2018 жылы Қазақстан азаматтығын алған болатын.


Елена Рыбакинаның азаматтығына байланысты дау шықты

ERNUR.KZ. Қазақстан теннис федерациясы Елена Рыбакинаның азаматтығына қатысты тараған ақпаратқа түсініктеме берді, деп жазады inbusiness.kz.

"Ресей теннис федерациясының президенті Шамиль Тарпищевтің Елена Рыбакинаның азаматтығына байланысты айтқан пікірі шындыққа сәйкес келмейді. Елена Рыбакина Мәскеуде тұрмайды. Ол Қазақстан Республикасының азаматы, Қазақстан паспорты бар және Астана қаласында тіркеуде тұр. Елена бұл жөнінде бірнеше рет өзі де ашық мәлімдеген. Оның „ресейлік азаматтығы бар“ немесе қандай да бір „спорттық азаматтығы бар“ деген тұжырымдар фактілерге қайшы. Қазақстанда „спорттық азаматтық“ деген ұғым мүлде жоқ. Елена Рыбакина 2018 жылдан бері барлық халықаралық турнирлерде Қазақстанның атынан ресми түрде өнер көрсетіп келеді және ұлттық құрамамыздың мүшесі", – деп мәлімдеді федерация.

Айта кетейік, бұған дейін Шамиль Тарпищев Елена Рыбакина туралы былай деген болатын:

"Ол Мәскеуде тұрады, оның Ресей азаматтығы бар. Ал спорттық тұрғыда – Қазақстандыкі. Бұл шешім оның спорттық мансабы үшін қабылданған", – деді Тарпищев.

Қазіргі таңда Елена Рыбакина жаңа маусымда Аустралия ашық чемпионатына қатысуға дайындық үстінде.