Футбол клубтарын жекешелендіру қашан аяқталады

0
268

Бұл бағыттағы жұмыстар қарқынды жүріп жатыр.


Футбол клубтарын жекешелендіру қашан аяқталады

Фото: © freepik.com

ERNUR.KZ. Қазақстандағы кәсіби футбол клубынтарын жеке меншікке өткізу процесі осы жылдың көктеміне дейін толық аяқталуға тиіс. Қазақстан футбол федерациясы бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынды жүріп жатқанын мәлімдеді, деп жазады Azattyq Rýhy.

ҚФФ турнирлерді ұйымдастыру жөніндегі директоры Бақытжан Пазылхайыр AmanVIBE YouTube-арнасына берген сұхбатында маңызды деректерді бөлісті. Оның айтуынша, алдағы екі ай футбол клубтарының тағдыры үшін шешуші кезең болмақ.

Барлық клубты жекешелендіруді наурыз айының соңына дейін аяқтау міндеті қойылған. Дәл қазір 4-5 клуб жеке меншікке өту процесін аяқтауға жақын. Олардың жаңа иелері алдағы екі айда ресми түрде белгілі болады.

Қазіргі уақытта облыс әкімдіктері мен әлеуетті инвесторлар арасында тікелей келіссөздер жүріп жатыр.

Бұған дейін еліміздегі жалғыз жеке меншік клуб алматылық «Қайрат» болса, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасынан кейін бұл тізім толыға бастады.

2025 жылы жеке инвесторлардың қолына өткен клубтар қатарында «Қайсар», «Жеңіс», «Шахтер», «Қызылжар», «Ақтөбе».

Мамандардың пікірінше, бұл қадам кәсіби футболды мемлекеттік бюджетке тәуелділіктен арылтып, нарықтық бәсекелестікті арттырады. Инвесторлардың келуі инфрақұрылымның жақсаруына, футбол академияларының дамуына және клубтардың менеджмент деңгейін көтеруге септігін тигізбек.

ҚФФ өкілі атап өткендей, федерация әкімдіктермен және жаңа басшылықпен ұдайы байланыста отыр. Мақсат — клубтардың тек иесін ауыстыру емес, олардың қаржылық тұрақтылығын сақтап қалу.