Пандемиялық ахуалға байланысты көз түйістіру рәсімі едәуір қашықтықтан жасалды.
ERNUR.KZ. Геннадий Головкин мен Камил Шеремета сенбі күні болатын кездесуі арасында тұңғыш рет бетпе-бет жүздесіп, көз түйістірді, деп хабарлайды «Хабар 24».
Алайда пандемиялық ахуалға байланысты бұл рәсім едәуір қашықтықтан жасалды. Мұнан соң былғары қолғап шеберлері біріккен баспасөз-конференциясын өткізді.
Еске салсақ, IBF пен IBO тұжырымы негізінде әлем чемпионы, жерлесіміз Геннадий Головкин осы тұжырымдама негізінде міндетті қарсылас польшалық Камил Шереметаға қарсы жұдырық түйістіреді. Жерлесіміз өз атақ-дәрежесін 21-мәрте қорғамақ.
- Мен әрине, осындай деңгейге көтерілгенімді мақтан тұтамын. Тағы да бір мәрте рекордты жаңартатын мүмкіндік туып тұр. Кез келген спортшы үшін рекорд орнату ол үлкен жетістік екені жасырын емес, - деді Геннадий Головкин.
- Маған басқалардың не деп жатқаны маңызды емес. Менің дайындығым тыңғылықты жүрді. Көп сөйлегенше шаршы алаңда көрсетсем деймін. Менің жеңісім ел боксында ғана емес, біздің елдің спортындағы ең жарқын жеңістің бірі болады, - дейді боксшы Камил Шеремета.