Сауль "Канело" Альварес Головкинге қарсы жекпе-жекті қабылдау мүмкіндігі туып жатса, бас тартпайтынын мәлімдеді.
ERNUR.KZ. Мексикалық боксшы Сауль "Канело" Альварес Геннадий Головкинмен рингте үшінші рет кездесуге келісті, деп жазады sputniknews.kz.
Бұл туралы ол британиялық Каллум Смитті жеңгеннен кейін берген сұқбатында айтты.
"Болашақта Головкинмен үшінші жекпе-жек өткізуім мүмкін бе? Мен тек үздіктермен жұдырықтасқым келеді. Егер бұл жекпе-жекті қабылдау мүмкіндігі туып жатса, мен бас тартпаймын. Мен үздіктермен төбелескім келетінін көрсеттім", - деді ол.
Бүгін таңертең Сауль Альварес (54-1-2, 36 КО) суперорта салмақтағы әлем чемпионы атағы үшін Ұлыбритания боксшысы Каллум Смитпен (27-1, 19 КО) жекпе-жек өткізді.
"Канело" – Смит жекпе-жегі он екі раундқа созылды. Төрешілер жеңісті бірауыздан Альвареске берді – 119-109, 119-109 және 117-111.
"Ұзақ үзіліс болғанына қарамастан, біз бұл жекпе-жекке дайындалу кезінде үлкен жұмыс атқардық. Мен рингке оралғаныма бақыттымын. Иә, қарсылас мықты, бірақ мен бірінші раундта-ақ өзімнің кім екенімді көрсеттім. Әлемдегі үздік боксшы екенімді дәлелдедім", - деді жеңістен кейін мексикалық боксшы.
Еске салсақ, күні кеше ғана IBF және IBO тұжырымдары бойынша орта салмақтағы әлем чемпионы Геннадий Головкин поляк Камил Шереметамен қолғап түйістірді. Жерлес спортшы титулдық жекпе-жекте қарсыласын тізе бүктірді.
Жекпе-жек барысында поляк боксшысы төрт рет нокдаунға түсті. Командасы жеті раундтан кейін жеңілісті мойындап, жекпе-жекті жалғастырудан бас тартты.
Айта кетсек, қазақстандық Геннадий Головкин мен мексикалық Сауль Альварес арасындағы бірінші кездесу тең аяқталды. Ал екінші жекпе-жекте төрешілердің шешімімен "Канело" жеңіске жеткен болатын.