Жасөспірімдер арасындағы жарыста Даниил Яковенко мен Еңлік Асқар күміс жүлде иеленді.
Фото: olympic.kz
ERNUR.KZ. Эстонияның Таллин қаласында өтіп жатқан қозғалмалы нысанаға оқ атудан әлем чемпионатында Қазақстан құрамасы тағы екі күміс медаль жеңіп алды, деп жазады inbusiness.kz.
Қос жүлде де жасөспірімдер санатында тіркелді. Даниил Яковенко 10 метр қашықтықтан қозғалмалы нысанаға оқ атудан финалға дейін жетіп, шешуші сында финляндиялық Уильям Эрик Вилкманға есе жіберіп, күміс жүлдені еншіледі. Қола медаль Оңтүстік Корея өкілі Ким Чжэминге бұйырды.
Екінші күміс медальді Еңлік Асқар жеңіп алды. Ол да 10 метр қашықтықтағы сайыстың финалында армениялық Аида Азатяннан жеңіліп қалды. Ал үшінші орынды украиналық Мирослава Шимко иеленді.
Айта кетейік, бұған дейін осы әлем чемпионатында қазақстандық Фатима Ирназарова мен Валат Мусаев алтын медаль жеңіп алса, Зухра Ирназарова қола жүлдеге қол жеткізген еді.


