Алматыдағы "ADD Ustel Tennis Ortalygy" спорт кешенінде әлем чемпионатына Орталық Азия аймағы бойынша іріктеу турнирінің кезеңі өтті.
фото: Үстел теннисі федерациясы
ERNUR.KZ. Ерлер мен әйелдер арасындағы жарыста жалғыз жолдама үшін Қырғызстан, Өзбекстан және Қазақстан құрамалары өзара бақ сынады, деп жазады inbusiness.kz.
Ерлер құрамасының спортшылары – Кирилл Герасименко, Алан Құрманғалиев және Айдос Кенжигулов қарсыластарын айқын басымдықпен 3:0 есебімен жеңіп, нәтижесінде бірінші орынмен әлем чемпионатына жолдамаға ие болды.
Қыздар құрамасы – Зәуреш Акашева, Сарвиноз Миркадирова және Әнел Бақыт Қырғызстан теннисшілерін оңай ұтқанымен, Өзбекстан құрамасына қарсы тартысты матч өткізді. 0:2 есебімен жеңіліп жатқан отандастарымыз қайсарлық танытып, есепті 3:2-ге жеткізіп, әлем чемпионатына қатысу құқығына қол жеткізді.
Орталық Азия іріктеу турнирінде жоғары нәтиже көрсеткен спортшыларды, сондай-ақ бапкерлер Эльмира Әлиева, Дмитрий Переверзев, Евгений Тимченко мен Геннадий Герасименконы құттықтаймыз!
Командалық әлем чемпионаты 2026 жылдың мамыр айында Лондонда өтеді. Айта кетерлігі, бұл дода алғашқы рет 1926 жылы өткен әлем чемпионатының 100 жылдығына орай ұйымдастырылады.