Қазақстан жастар құрамасы Бельгиядан ұтылып қалды

0
716

Қазақстан жастар құрамасы келесі ойынын 12 қазан күні Қарағандыда Түркиямен өткізеді.


Қазақстан жастар құрамасы Бельгиядан ұтылып қалды

Қайрат Нұрдәулетов шәкірттері 2023 жылғы Еуропа Чемпионатының іріктеу турнирінде үшінші ойынын сырт алаңда Бельгиямен өткізді, деп жазады vesti.kz.

Біздің топта көш бастап келе жатқан Бельгия футболшыларына қарсы ойын оңай болған жоқ. Алғашқы гол соғатын сәтті біздің футболшылар ұйымдастырған еді. Елхан Астановтың соққысы қақпадан сәл қисық кетті. Тағы бір шабуылда жартылай қорғаушы Арман Кеңесов тамаша пасын Вячеслав Швыревқа асырған болатын. Алайда, соңғы сәтте қарсыластың қорғаушысы кедергі келтірді.

Бельгия футболшылары допты ұзақ ұстағанымен, қарқынды шабуыл ұйымдастыра алмай жатқан еді. Матчтың отызыншы минутында бас төреші ойын ережесі бұзылғанын байқап, он бір метр айып добын белгіледі. Лоис Опенда пенальтиден мүлт кетпеді.

Екінші таймның басында Бельгия футболшылары басымдыққа ие болып, бірнеше шабуыл жасады. Алайда, қақпашы Данил Уситменко қауіпті соққыларды қайтарып отырды. Кездесу соңына қарай Қазақстан құрамасының ойыны жүре бастады. Алайда, кезекті пенальти кездесу тағдырын шешті. Бұл жолы Йорбе Вертессен көзге түсті. Қорытынды есеп - 2:0.

Қазақстан жастар құрамасы келесі ойынын 12 қазан күні Қарағандыда Түркиямен өткізеді.

Бельгия U-21 – Қазақстан U-21 – 2:0

Голдар: Лоис Опенда 31 (пенальти), Йорбе Вертессен 84 (пенальти)

Ескерту: Анасс Зарури 76 – Әділбек Жұмаханов 30, Жалғас Жақсылықов 44, Сұлтан Сағынаев 59, Лев Скворцов 74, Эльхан Астанов 80, Данил Устименко 82, Дінмұхамед Қашкен 86

Бельгия U-21: Сенне Ламменс, Киллиан Сарделла (Юго Сике 68), Марко Кана, Эву Плетенкс, Кони де Винтер, Отман Буссаид (Логан Нденбе 74), Амаду Онана, Николас Раскин (Элиот Матазо 74), Ануар Айт-Эль-Хадж (Анасс Зарури 68), Яри Версхарен, Лоис Опенда (Йорбе Вертессен 80);

Қазақстан U-21: Данил Устименко, Нұрберген Нұрбол, Дінмұхамед Қашкен, Әділбек Жұмаханов, Жалғас Жақсылықов, Лев Скворцов (Андрей Ульшин 83), Сұлтан Сағынаев, Арсен Буранчиев (Еркебұлан Сейдахмет 46), Арман Кеңесов (Владислав Прокопенко 69), Елхан Астанов (Әлішер Әжімов 83) – Вячеслав Швырёв (Абылайхан Жұмабек 63);

Төрешілер: Вальтер Альтманн, Андреас Штаудингер, Сантино Шрайнер(барлығы – Австрия);