Қазақстандық екі жас теннисші үздік шетелдік ойыншы атанды

0
881

14 жасар Ева мен 16 жасар Даниэль Еуропа теннис қауымдастығынан (Tennis Europe Tour) «Жылдың үздік ойыншысы» (Еуропалық одақ елдерінен емес) сыйлығына ие болды.


Қазақстандық екі жас теннисші үздік шетелдік ойыншы атанды

ERNUR.KZ. Қазақстандықтар Ева Корышева мен Даниэль Тазабеков Tennis Europe сериясы бойынша 2023 жылдың үздік шетелдік ойыншысы атанды, деп жазады inform.kz.

Қазақстан теннис федерациясының баспасөз қызметінен мәлім еткеніндей, 14 жасар Ева мен 16 жасар Даниэль Еуропа теннис қауымдастығынан (Tennis Europe Tour) «Жылдың үздік ойыншысы» (Еуропалық одақ елдерінен емес) сыйлығына ие болды.

Е.Корышева жылды Ыстанбұл турниріндегі жеңіспен бастады. Содан кейін Бельгияда бірінші санаттағы жарыста үздік шықты. Ева Tennis Europe рейтингінде жекелей сында жылды 18-орынмен қорытындылады. Ол 24 ұтыс, 5 жеңіліспен (83 пайыз) рекордтық көрсеткішке қол жеткізді. Сондай-ақ жұптық сында екі мәрте чемпион атанды.

Тазабеков Tennis Europe аясында өткен жеті додада бақ сынап, тұрақты жоғары нәтижелерге ие болды. Соның нәтижесінде жыл соңында 20-орынға көтерілді. Оның рекордтық көрсеткіші –15 жеңіс, 7 ұтылыс (68 пайыз). Биыл ол жұптық сында екі рет Испанияда Авилесте Apple Bowl және Италияда Толентино турнирінде (екеуі де бірінші санат) озық шықты.

Өткен жылы осындай атаққа Заңғар Нұрланұлы, ал 2021 жылы Зара Дәркен ие болған еді.