ERNUR.KZ. Қазақстандық Михаил Кукушкин бельгиялық Йоран Флигенмен бірге жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирінің үшінші айналымына шықты, деп жазады ҚазАқпарат.
Қазақстандық-бельгиялық жұп екінші айналымда уругвайлық Пабло Куэвас пен испаниялық Фелисиано Лопеспен кездесті. Бірінші партияда Кукушкин мен Флиген 6:3 есебімен басымдылық танытса, екіншісінде қарсыластары дәл сондай есеппен есе қайырды - 6:3. Үшінші, шешуші партияда алдымен уругвайлық-испаниялық жұп брейк жасағанымен, содан кейін Кукушкин мен Флиген ойын тізгінін өз қолдарына ала білді - 6:4.
Тартысты матч 1 сағат 49 минутқа созылды.
Кукушкин мен Флиген ширек финалға шығу үшін сербиялық Миомир Кецманович пен норвегиялық Каспер Рууд немесе аргентиналықтар Федерико Дельбонис пен Гильермо Дюран жұптарының қай жеңгенімен таласады. Осылайша Франция ашық чемпионатында Қазақстаннан М.Кукушкин ғана жұптық сында жарыс жолын жалғастыруда.
Кеше қазақстандық Галина Воскобоева ресейлік Вероника Кудерметовамен бірге аустралиялық Саманта Стосур мен қытайлық Чжан Шуайдан жеңіліп қалды.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Кукушкин жұптық сында «Ролан Гаррос» турнирін сәтті бастап, Зарина Дияс жеңіліп қалған болатын.