Қоғамның наразылығына Килиан Мбаппенің Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы Мао Цзэдунға қатысты айтқан пікірлері түсірілген бейнежазбаның интернетте таралуы себеп болды.
Фото: Xinhua
ERNUR.KZ. Қытай Сыртқы істер министрлігі француз футболшысы Килиан Мбаппенің Қытай туралы айтқан сөзі үшін ресми түрде кешірім сұрағанына қатысты пікір білдірді, деп жазады inform.kz.
— Біз бұл адамның кешірім сұрағанын ескердік, — деді Қытай дипломаты.
Еске салайық, қоғамның наразылығына Килиан Мбаппенің Қытай Халық Республикасының негізін қалаушы Мао Цзэдунға қатысты айтқан пікірлері түсірілген бейнежазбаның интернетте таралуы себеп болды.
Осыдан кейін Қытай компаниялары Мбаппемен коммерциялық келісімшарттарын тоқтатты, медиаплатформалар оған қатысты контентті өшірді. Орталық телеарна оның матчтары мен жарыстарын көрсетуді тоқтатып, қатысуымен түсірілген жарнамаларды эфирден алып тастады.
Кейін Килиан Мбаппе X әлеуметтік желісіндегі парақшасында француз, қытай және ағылшын тілдерінде ресми түрде кешірім сұрады.
Қытайдың мемлекеттік медиа корпорациясы China Media Group осы мәселеге қатысты мәлімдеме жасап, кешірім сұрау туралы ақпаратты назарға алғанын хабарлады.
— Ла Лига басшылығы, мадридтік «Реал» клубы мен Килиан Мбаппе бұл оқиғадан сабақ алып, шын жүректен кешірім сұрап, жіберген қателіктерін түбегейлі түзетеді деп үміттенеміз, — делінген мәлімдемеде.
Испаниядағы жағдайды реттеу үшін Ла Лига президенті Хавьер Тебас сейсенбі күні Қытайдың Испаниядағы елшісімен кездесті.
— Килиан Мбаппенің мәлімдемесіне байланысты туындаған жағдайды жан-жақты талқылап, бұл мәселені түбегейлі шешудің жолдарын қарастыру үшін Қытайдың Испаниядағы елшісімен кездестім, — деді Тебас.
Бұған дейін Қытайда Мбаппе қатысқан матчтар мен жарнамаларды көрсету тоқтатылғаны хабарланған болатын.


