Ресми: Ислам Чесноков "Хартс" футбол клубының ойыншысы атанды

0
174

Чесноков – Шотландия чемпионаты тарихындағы алғашқы қазақстандық футболшы!


Ресми: Ислам Чесноков

ERNUR.KZ. Ұлттық құраманың жартылай қорғаушысы Шотландия чемпионатының көшбасшысымен 2028 жылға дейін келісімшартқа қол қойды. 26 жастағы Ислам Чесноков "Тобылдан" еркін агент ретінде ауысты. "Хартс" Чесноковты өткен жылдың қаңтарынан бері бақылап жүрген. Шотландиялық клуб қазақстандық футболшыны қыста да, жазда да сатып алуға тырысты. Алайда "Тобылмен" трансферлік баға бойынша келісімге келе алмады.

Бас бапкер Дерек Маккиннес Қазақстан құрамасының вингерінің келуіне ерекше қуанышты. Маккиннес соңғы айларда әр баспасөз мәслихатында Чесноковтың ауысуын асыға күтіп жүргенін айтумен болды.

— Исламның келгеніне өте қуаныштымын. Ол – "Хартстың" ойыншысы және біз үшін алаңға шығатын сәтті асыға күтуде. Исламды қатарымызға қосу ниетіміз бәріне мәлім еді. Мен де, клуб та Исламмен үнемі байланыста болдық. Ешқандай дүрбелең болған жоқ. Трансферге қатысқан барлық адамдар мақтауға лайық. Ислам – талантты футболшы әрі жақсы жігіт. Оның келуі командаға пайдасын тигізетініне сенімдіміз. Бізде бәрі жақсы және Исламның "Хартста" табысқа жетуі үшін қолдан келгеннің бәрін жасаймыз, - дейді бапкер.

Ағымдағы маусымда "Хартс" 20 турдан кейін көш бастап тұр. Биыл аталмыш ұжым Шотландия чемпионы атағын "Селтик" пен "Рейнджерстен" басқа клуб 40 жылда алғаш рет жеңіп алуы мүмкін.