Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы элиталық дивизионнан түсіп қалды

0
316

Кездесу барысында қос құрама тартысты ойын өткізді.


Шайбалы хоккейден ӘЧ: Қазақстан жасөспірімдер құрамасы элиталық дивизионнан түсіп қалды

ERNUR.KZ. Шайбалы хоккейден 18 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты элиталық дивизионындағы орнын сақтап қала алмады. Қазақстандық хоккейшілер жұбаныш кездесуінде Норвегияға буллиттен жол берді, деп жазады inform.kz.

Кездесу барысында қос құрама тартысты ойын өткізді. Кездесудің негізгі кезеңі 5:5 есебімен тең аяқталып, овертаймға ұласты. Овертаймда жеңімпаз анықталған жоқ. Буллитте норвегиялық хоккейшілердің жолы болды.

Жиырма жылдан кейін элиталық дивизионға қайта оралған Қазақстан хоккейшілері қайтадан бірінші дивизионға түсіп қалды.

Қазақстандық хоккейшілер В тобында сынға түсті. Қарсыластары - Канада, Швеция, Швейцария және Чехия құрамалары.

Еліміздің жасөспірім хоккейшілері топтық кезеңде Швейцарияға 1:5, Швецияға 1:7, Канадаға 3:11 есебімен есе жіберді.

Ал Чехияны овертаймда 4:3 есебімен тізе бүктіріп, өз тарихында тұңғыш мәрте әлем чемпионаты элиталық дивизиондағы алғашқы жеңісін тойлады.

Жүлделі орындарды сарапқа салу үшін ширек финалда АҚШ пен Норвегия, Финляндия мен Швеция, Канада мен Латвия, Чехия мен Словакия шебердік байқасады.