instagram/sport_komiteti
ERNUR.KZ. Қазақстанның Туризм және спорт министрлігі Спорт және дене шынықтыру істері комитеті "Астана" баскетбол клубының қызметін тоқтатуы туралы ақпаратқа қатысты пікір білдірді, - деп жазады Tengri Sport.
"Кейінгі жылдары клубтың халықаралық аренадағы нәтижелері алға қойған міндеттері мен күткен нәтижелерге сәйкес келмеді.
ВТБ Бірыңғай лигасының өткен маусымының қорытындысы бойынша "Астана" баскетбол клубы соңғы 12-орынға тұрақтады. Команда 44 матчтің тек екеуінде жеңіске жетіп, жеңіліс көрсеткіші 95 пайыздан асты. Бұл – клубтың ВТБ Бірыңғай лигасындағы ең нашар нәтиже. Сонымен қатар, команда кейінгі сегіз жыл бойы аталған турнирдің плей-офф кезеңіне шыға алмады.
Ішкі аренада да "Астана" баскетбол клубы алға қойған мақсаттарына қол жеткізе алмады. Команда Қазақстан Кубогы жолындағы бәсекеде есе жіберіп, Ұлттық лиганың чемпиондық атағын да иелене алмады.
Былтыр спорт саласын қаржыландырудың тиімділігін арттыруға бағытталған Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Заңның негізгі ережелері ұлттық құрама командаларды дамытуға басымдық беріп, спорт резервін қалыптастыруға, сондай-ақ, бюджет қаражаты есебінен легионерлерді қаржыландыруға тыйым салуға бағытталған.
Қазір отандық баскетбол спортын дамыту тәсілдерін қайта қарау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Негізгі басымдық жастар командасын дамытуға, сапалы спорт резервін қалыптастыруға және балалар мен жасөспірімдер спортын қолдауға беріледі", - деп мәлімдеді Спорт және дене шынықтыру істері комитетінің өкілі.
Бұған дейін "Астана" баскетбол клубы мен Қазақстан баскетбол ұлттық құрамасының ойыншылары Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевқа, сондай-ақ, Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосыновқа кәсіби мансаптарын жалғастыру мүмкіндігінен айырмауды сұрап жүгінген болатын.
"Егер "Астана" кәсіпқой баскетбол клубы Қазақстан чемпионатындағы орнын сақтап қалса, еліміздегі баскетболды одан әрі дамытуға, клубтарымыз бен ұлттық құраманың намысын қорғауға мүмкіндік болады.
"Астананың" негізгі командасы тараса, бұл бүкіл қазақстандық баскетболға ауыр соққы болмақ. Мұндай жағдай жас ойыншылардың өсуіне кедергі келтіріп, ұлттық чемпионаттың деңгейін әлсіретеді, құрамаға ойыншы даярлау жүйесін бұзады және спорттың осы түрінің болашағына үлкен зиян келтіреді", - делінген ойыншылардың үндеуінде.


