Қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 72-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен кездесті.
ERNUR.KZ. Қазақстанның бірінші, әлемнің 19-ракеткасы Елена Рыбакина Әбу-Даби WTA 500 турнирінің ширек финалына шықты, деп жазады ҚазАқпарат.
Жарыстың 6-ракеткасы болып тіркелген қазақстандық теннисші үшінші айналымда әлемнің 72-ракеткасы, ресейлік Дарья Касаткинамен кездесті.
Бұдан бұрын қарсыластар өзара бір рет кездесіп, онда ресейлік теннисші басым түскен еді.
Бұл жолы бірінші партияда брейк жасай білген Е.Рыбакина сол басымдылығын сақтай алды – 6:3.
Елена екінші сетті брейкпен бастап, өз геймін алды – 2:0. Тағы бір брейк – 3:0. Бұдан кейін Д.Касаткина қайыра брейк жасап, есепті қысқартты. Дегенмен қазақстандық спортшы матчты жеңіспен түйіндей білді – 6:4.
Бәсеке 1 сағаттан астам уақытқа созылды.
Осылайша Е.Рыбакина Д.Касаткинадан өткен жылғы жеңілісінен қарымта қайырды.
Е.Рыбакина жартылай финалға шығу үшін әлемнің 10-ыншы, осы доданың 4-ракеткасы, Беларусь өкілі Арина Соболенкомен шеберлік байқасады. А.Соболенко үшінші айналымда тунис теннисшісі Онс Жаберді 6:2, 6:4 есебімен тізе бүктірді. Сөйтіп ол өткен маусымның соңынан бері қатарынан 12-інші жеңісіне қол жеткізді.
Жүлде қоры 565 мың АҚШ долларына бағаланған дода 13 қаңтарда аяқталады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Е.Рыбакинаның Әбу-Даби турнирінің үшінші айналымына шыққанын жазған болатынбыз.
Тағы бір қазақстандық Юлия Путинцева бүгін үшінші айналымда әлемнің 4-ракеткасы, өткен жылғы Аустралия ашық чемпионатының жеңімпазы, америкалық Софья Кенинмен кортқа шығады.