Токио Олимпиадасына Қазақстаннан қанша спортшы қатысады

0
857

Қазіргі уақытта біздің командамыздың қоржынында Токио ойындарының 52 лицензиясы бар.


Токио Олимпиадасына Қазақстаннан қанша спортшы қатысады

ERNUR.KZ. 2021 жылы Жапонияда өтетін Токио Олимпиада ойындарында Қазақстан намысын 110-нан астам спортшы қорғайды. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметі алаңында өткен брифингіде ҚР Мәдениет және спорт вице-министрі Сәкен Мұсайбеков айтты, деп жазады ҚазАқпарат.

«Қазіргі уақытта біздің командамыздың қоржынында Токио ойындарының 52 лицензиясы бар. Өздеріңіз білесіздер, Олимпиада ойындары 2021 жылға ауыстырылды және 23 шілде мен 5 тамыз аралығында өтеді. Еліміздің тарихында алғаш рет жүзуден Дмитрий Баландин сынды Олимпиада чемпионы шықты әрі ол лицензия алып үлгерді. Соңғы 20 жылда алғаш рет садақ атудан командалық сайысқа қатысамыз. Спорттың командалық түрінен ватерполшыларымыз да лицензия алды», - деді ол.

Вице-министрдің атап өтуінше, қазіргі уақытта Олимпиадаға баруға үміттенетін спортшыларымыздың барлығы қызу дайындыққа кірісіп кеткен. Оларға 1 маусымнан бастап қауіпсіздіктің барлық шараларын сақтай отырып, жаттығуға рұқсат берілген.

«Жоспарлағанымыздай 100-ден астам лицензия ұтып аламыз. Олимпиада ойындарына 110-нан астам спортшымыз қатысады. Біз қыз-жігіттеріміздің, командамыздың табысты өнер көрсететініне сенімдіміз», - деді Сәкен Мұсайбеков.