З.Дияс 20 жастағы америкалық Энн Лимен кездесті.
ERNUR.KZ. Қазақстандықтар Зарина Дияс пен Михаил Кукушкин АҚШ-та өтіп жатқан Цинциннати мастерс турнирінің іріктеу сайысында жеңіліп қалды, деп жазады ҚазАқпарат.
Әлемнің 66-ракеткасы З.Дияс дүниежүзілік рейтингте 133-орында тұрған 20 жастағы америкалық Энн Лимен кездесті.
Қазақстандық спортшы тәжірибелі әрі рейтингісі жоғары болғанымен, жас қарсыласына 1:6, 3:6 есебімен есе жіберді.
Матч 1 сағатқа созылды.
Ерлер арасындағы осы турнирдің іріктеу бәсекесінде рейтингте 91-сатыда тұрған М.Кукушкин әлемнің 77-ракеткасы, ұлыбританиялық Кэмерон Норримен шеберлік байқасты.
Біршама тартысты өткен кездесуде К.Норри 7:6 (7:3), 6:2 есебімен жеңіске жетті.
Бәсеке 1 сағат 27 минутқа созылды.
Осылайша Зарина Дияс пен Михаил Кукушкин іріктеу сайысының финалына шыға алмады. Бұл олардың коронавирус індетіне байланысты орын алған үзілістен кейінгі алғашқы додасы болатын.
Мұның алдында қазақстандықтардан Юлия Путинцева ғана жарыс жолына шыққан еді.
Қазақстанның бірінші, әлемнің 17-ракеткасы Елена Рыбакина мен Ю.Путинцева Цинциннатидың негізгі турнирінде бақ сынайды.
Е.Рыбакина алғашқы айналымда әлемнің 27-ракеткасы, биыл ресейлік теннисшілердің көшбасшысына айналған Екатерина Александровамен қай мықтыны анықтайды. Биыл жыл басында Е.Рыбакина Қытайдағы Шэньчжэнь WTA турнирінің финалында осы Е.Александровадан жеңіліп қалған еді. Енді соның есесін қайтара ала ма, оны алдағы ойын көрсетеді.
Әлемнің 33-ракеткасы Ю.Путинцева рейтингте өзінен үш саты төмен тұрған қытайлық Чжан Шуайдың шеберлігін байқап көреді. Бұл мастерс турнир 22 тамызда басталып, 28-інде мәреге жетеді.
Ерлер арасында Цинцинатидың негізгі жарысында Қазақстанның бірінші, әлемнің 51-ракеткасы Александр Бублик бірінші айналымда рейтингте 15-орында тұрған ресейлік Карен Хачановпен кортқа шығады.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Ю.Путинцеваның АҚШ-тағы турнирдің ширек финалына шыға алмағанын жазған болатынбыз.