VADA В сынамадан да допинг барын растады.
Фото: instagram.com/janibek_alimkhanuly
ERNUR.KZ. IBF және WBO тұжырымдары бойынша әлем чемпионы Жәнібек Әлімханұлының В-допинг сынамасы да ағзасында тыйым салынған заттың бар екенін растады, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Бұл туралы Қазақстан кәсіпқой бокс федерациясының президенті Рахымжан Ерденбеков мәлімдеді. Оның айтуынша, АҚШ-тағы VADA (Ерікті допингке қарсы қауымдастық) ұйымынан 34 беттен тұратын қорытынды сараптама келген.
«Жақында Америкадағы VADA ұйымынан 34 беттен тұратын қорытынды сараптама келді. Онда Әлімханұлының В пробасында да допинг бар екені расталды. Қазіргі таңда Жәнібекке қатысты юрисдикцияны біздің федерация өз қолына алды. Себебі ол – біздің федерация лицензиялаған боксшы, ал оның қатысуымен өткен соңғы бокс кеші Астанада, біздің санкциямызбен ұйымдастырылды», – деді Ерденбеков.
Федерация басшысы спортшының бұл затты әдейі қабылдағанына күмән келтіріп отыр. Оның айтуынша, қазір басты мәселе - допингті Жәнібектің саналы түрде өзі қолданды ма, әлде басқа жолмен ағзаға түсті ме, соны анықтау.
Еске салайық, желтоқсанда Жәнібек Әлімханұлының А-допинг сынамасынан мельдоний табылған болатын. Осыған байланысты оның кубалық боксшы Эрисланди Ларамен өтуі тиіс үш әлем чемпиондық белбеуін біріктіру жекпе-жегі кейінге шегерілді. Спортшының командасы В сынаманы ашуды талап етіп, процедура 8 қаңтар күні өткізілген. Ал Рахымжан Ерденбеков бұл іс бойынша қайта тыңдау 23 қаңтарда өтетінін хабарлады.


