«Киномыздың біраз эпизодын монтаж үстелінде жоғалтып алдық».
Ақын, сазгер, кино әртісі, сценарист, цирк және кино каскадері, «Шәкен жұлдыздары» кинофестивалінің лауреаты, өнер қайраткері. Оның сыртында спортта да жеткен жетістіктері көп. Еркін күрестен спорт шебері, каратэ, пурлифтинг (ауыр атлетика) спорт түрлерімен айналысқан. Біздің кейіпкеріміз Жорабек Мұсабаев бір басына осынша өнерді сыйдырған сан қырлы өнер иесі. Тәуелсіздік алған 1990 жылдардағы елең-алаң шақта кино әлеміне қадам басып, сол бір өтпелі кезеңнен әупірімдеп шығып, өз қаражатына онға жуық («Ойлан, президент, ойлан!» (1991), «Отырардың қазасы» (1991), «Әбілқайыр хан» (1993), «Нәзік жан» (1996), «Жүрек азабы» (1999), «Шымкенттен келген соңғы табын» (2000), «Шиза» (2004), «Тибет егіздері» (2001), «Бүлікші») кинофильм түсіріп, отандық киноқоржынды толықтырған продюсер әрі режиссер.
Жорабек Мұсабаевтың кино әлеміндегі ізденістері бізді қызықтыра түсті. Таяуда ғана ол түсірген «Абылай хан» киносының бірінші бөлімінің тұсаукесері өткен болатын. Осы тұста Мұсабаевтың оқшау ой, ерекше ізденісін байқадық. «Абылай ханның тарихи емес, әдеби образы туралы кітап оқыдыңыз ба? Меніңше, жоқтың қасы. Ал кино тіптен жоқ. Сол себепті кірістім», - дейді режиссер. Сонымен бірге қазақ ханының шыққан тегіне қатысты да өзгеше пікір айтады. Ары қарай сұхбатқа зер салсаңыз, қызықты мәліметтер оқи аласыз.
– Жорабек аға, алдымен бізге сұхбат беруге келіскеніңіз үшін алғысымызды білдіргім келеді. Әңгіме ауанын сіздің кино әлеміндегі туындыларыңыздан бастасақ. Таяуда ғана өзіңіздің жетекшілігіңізбен түсірілген «Абылай хан» кинофильмінің бірінші бөлімінің тұсаукесері өтті. Әсілі, дәл осы картина туралы аңдатпа 2015 жылы шыққан сияқты еді. Одан бері 6 жыл зулап өте шығыпты. Ал сіз тұсаукесерде «түсірілімге 1 жылдай уақыт кетті» дейсіз. Уақыт айырмашылығы хақындағы мәліметтер неге әр түрлі?
– «Абылай хан» жайында айтпас бұрын өзім жайлы сәл-пәл айта кетсем деймін.Мен кино әлеміндегі еңбек жолымды 1990 жылдары «Шымкиностудиясында» кино әртісі, каскадер болып бастағанмын. Кейін жұмыс бабымен Алматыға аттандым. «Қазақфильм» киностудиясының ішінде «Гаухартас» атты жеке киностудияда 1998 жылға дейін кино түсірдік. Сонымен қатар Алматыдағы қазақ мемлекеттік циркінде джигитовка жанры ойынша каскадер боп өнер көрсетіп жүрдім. Алайда, Алатаудың бөктеріндегі жұмыстарым ұзаққа созылмады. 2000 жылдары Шымкентке қайта көшіп келіп, «Киножүз» деген киностудия аштым. «Горькая дорога» деген фильм түсіріп, «Шәкен жұлдыздары» байқауының лауреаты атандым. Кейіннен тағы біраз картиналар түсірдік. Арасында «Шымкент-циркінде» режиссер болып істедім.
– Қазіргі қазақ киносында серпіліс бар. Қазақи фильмдердің саны да, сапасы артып келеді. Осы орайда елімізде кино түсіру қаншалықты қиын? Сіз «Абылай ханды» түсіру үшін қандай тәуекелдерге бардыңыз?
– Бұл киноның бірінші бөлімі «Хандыққа бастаған жол» деп аталады. Дұрыс атап өттіңіз. Түсірілім жұмыстарын 2015 жылы бастағанбыз. Көптеген қиындықтар болып, ұзаққа созылып кетті. 2017 жылы бітіріп, монтаждауға кіріскенімізде киномыздың біраз эпизодын монтаж үстелінде жоғалтып алдық. Яғни, монтаж жасап жатқан адамның компютері күйіп кетті. Қайтадан түсіреміз дегенде пандемия басталып кетті. Осылайша бірнеше жылға созылды. Сөйтіп, толықтай 2021 жылы тұсауы кесілді.
Киномыз түсіріліп біткенмен, қазіргі кезде кинотеатрлар біздің киномызды көрсетуі екіталай. Себебі, промоушн ретінде көтеріп беретін жақсы танысың болмаса қиын. Біздегі кинотеатрлардың прокаты ресейлік өнімдер. Олармен келісу өте қиын. Әліге дейін келісімге келе алмай жатырмыз. Жақында Өзбекстанға барып келдім. Қазір құжаттарын дайындап өткізейін деп жатырмыз. Бұйыртса, прокатын сол жақта бастасақ, егер өзіміздікілер көрсетпей жатса, интернеттен жіберерміз. Әйтеуір, бір амалын табамыз.
Ал екінші, үшінші бөлімдерін бірінші бөлімі көгілдір экранға жол тартқан соң көре жатармыз. Сценарий дайын. Тек түсірілімі қалды. Құдай қаласа, көктем бастала кірісетін шығармын.
– Киноларыңыздың кинотеатрлардан көрсетілмеуіне не себеп деп ойлайсыз және мұның шешімі қалай болуы керек?
– Біріншіден, қазақтың киносы болғаннан кейін. Екіншіден, тарихи жанрдағы киноны көпшілік көре бермейді деп айтады. Кинотеатр басшылары «Бізге «Человек паук» сияқты не комедия жанрында болса, оның өзінде шетелдің актерлері түскен болса сонда ғана еш проблемасыз көрсетеміз. «Ал тарихи киноны кім көреді? Абылай кімге керек?» деген сияқты әңгімелерді айтады. Тағы бір бөлігі «Көреміз», «Білмеймін», «Тұра тұрсын», «Қазір кино көп», «Өткіземіз ғой» деп соңы сиырқұйымшақтанып кетеді. Көрсеткен күнде де күндізгі 13.00-ге не 15.00-ге қойып қояды. Ол кезде ешкім барып көрмейді. Басқа кинолар сияқты прайм-таймға қойып жатса қанеки?! Осындай қиындықтардан кейін ол кино шаң басып жеке архивімде жата береді.
Өзімде тыңғылықты жауап ала алмадым. Бір ғана кинотеатр егесі: «Ол киноны көрсетуіміз екіталай», - деп кесіп айтты. Басқалары жаңағыдай құтылады.
– Ал телеарналар ше?
– Қазіргі таңда шымкентттік «Отырар» телеарнасымен келісімге келдік. Басқалары тарихи киноны сатып алғысы келмейді. Сол себепті шықпайды емес, шығармайды дегеніміз жөн болар.
– Демеушіні қайдан және қалай табасыз?
– Демеуші де, продюсер де, режиссер де өзім. Қаражатты табу оңай емес әрине, кинодан басқа бизнесім көп. Сол жақтан тапқан қаражатқа түсіремін.
– Жорабек Мұсабаев дегенде актер, цирк өнерпазы, продюсер, режиссер, «Нұр Отан» партиясының мүшесі деп айтуға бола ма? Бәлкім, біз ұмыт қалдырған, біз білмейтін қырларыңыз бар шығар?
– Бәрін айта берсең, оқырмандар сенбей қалуы да мүмкін. Ақын, сазгер, кино әртісі, сценарист, кино және цирк каскадері, еркін күрестен спорт шебері, каратэ, пурлифтинг (ауыр атлетика) қатысушысы. Жас кезде қарап жүрмейін деп бәріне бара бергенмін. Ал қазір ардагерлер арасында ең үздік қақпашы деген атағым бар (күліп).
– Мұнша өнерді қатар алып жүру үшін жүректің батырлығы керек деп ойлаймын. Жалпы, шығармашылық қоржыныңызда қанша ән, неше кітап, неше кинотуынды бар?
– Жалпы 1990 жылдан бері 8 кино түсірдім. 40 шақты әнім бар. 20-ға жуығы жарыққа шықты. Екінші альбомымды дайындап жатырмын. Он шақты сценарийім бар.
– Бәлкім, тізесі шығып кеткен сауал дерсіз. Бірақ, біздің өнерде кәсіби режиссерлердің қатары көбеймейінше бұл сұрақ қойыла береді деп ойлаймын. Режиссермамандарын даярлауға қатысты қандай ұсыныстарыңыз бар? Жас режиссерлерге не айтасыз?
– Қазір жақсы режиссерлер өте көп. Әркім жағдайына қарай көтеріліп жатыр. Біреуі өтіп, екіншісі өтпей жатыр. «Қазақфильмде» де жағдай мәз емес. Бір жақсы жері, киноқор ашылғалы еңбегіңді сол жерде көрсетуге мүмкіндік туды.
– Сіздің Абылай хан несімен ерекше?
– Абылай ханның тарихи емес, әдеби образы туралы кітап оқыдыңыз ба? Меніңше бар болса да, өте аз. Ал кино, тіптен жоқ. Сол себепті кірістім. Жалпы, бұл фильмнің жолы ауыр. Өйткені, киноның ең басында Абылайдың шыққан тегі, кімнен таралғаны туралы айтылады.
– Сіз нақты қандай шындықты ашып көрсеттім деп есептейсіз?
– Абылай төре емес қой! Абылай туралы «Өзімнен кейін түп-тұқияныма шейін» деген кітапта ол Карабайдың баласы, шешесі Аршы деп келтіріледі. Міне осы кітапқа сүйендім. Қарабай Төле бидің туысы болып келеді. Ал Төле бабамыздың руы «жаныс» емес пе? Яғни, Абылайдың түбі жаныс, шешесі «төре» Жиреншенің кызы.
– Ал басқа авторлар Абылайдың шыққан төркінін қалай тарқатып айтқанына куә болып жүрсіз?
– Көптеген әдеби кітаптарда Уәли сұлтаның өкіл баласы деп жазылған. Анығын ешкім ашып жазбаған. Тарихшылар да Уәлидің баласы деген.
– Сұхбатыңызға рахмет, аға! Сізге шығармашылық табыс тілеймін.
Сұхбаттасқан Мөлдір КЕНЖЕБАЙ