Индира Расылхан: Мен коуч-мотиватор емеспін!

0
1 750

Әнші Индира Расылхан психологияға бет бұрып, білгенін курс арқылы үйретіп жүр. Тіпті, "Жәннатқа апарар жолды білемін" деп те жарнамалағаны желіні "жарды". Осы туралы әнші ernur.kz сайтына сұхбат берді. Сұхбатта психологиялық курс, терапия, бұл жолға келу идеясы туралы айтылды.


Индира Расылхан: Мен коуч-мотиватор емеспін!

Осы туралы әнші ernur.kz сайтына сұхбат берді. Сұхбатта психологиялық курс, терапия, бұл жолға келу идеясы туралы да әңгіме қозғалды.


- Индира ханым, сіздің «Жұмаққа апарар жол» туралы жарнамаңыз желіні "жарып" жатыр. Бұл қандай жол?

- Бұл енді журналистердің қателігі деп айтсам болады. Бір адамның пікірін алып, соны тақырып етіп берген. Негізі түпкі мақсатым ол емес еді. Қазір Қазақстан Индира Расылхан «Жәннатқа апарады» деп шулап жүр. Негізінді бәріміз де Аллаға сенеміз. Адамның ең басында дүниеге келуінің өзі Алланы тану, Аллаға сену. Осы бағытта халыққа түсіндіргім келген. Бірақ көрермен басқаша қабылдап жатыр.


- Психологияға бет бұрып, дін жолына түсуіңіздің себебі неде? Неге мұндай шешімге келдіңіз?

- Осы уақытқа дейін Алланы танып, сол жолда жүрген адаммын. Дегенмен батыс психологиясы бізге енген соң ойлана бастадым. Себебі батыс психологиясы біздің қазақы психологияға мүлдем келмейді. Қарама-қайшы нәрселер өте көп. Біздің қазақтың қыз-келіншектері осыған еріп бара жатыр. Соған қатты қынжылдым. Осылайша осы жолға келуді, пайдалы болуды ойладым.


- Өзіңіз психологсыз ба?

- Иә, оқыған психолог деген сертификатым бар. Психологиялық білімім бар. Діни білімім мен осы психологиямды ұштастыра отырып, халыққа дұрыс пайдалы ақпарат жеткізгім келеді.


- Бүгінде көпке танымалы Нұрлан Имам да сіздің осы жарнамаңызға «Жәннаттың кілті қалталарыңда болса, біреуін бізге беріңдерші» деген еді. Жалпы курста не үйретесіз?

- Психологиялық тұрғыда батыстың психологиясы адамның эгосын өсіріп жібереді. Менің курсымда кішіпейілділікке үйренеді. Қазақта «ұлық болсаң, кішік бол» дегендей, кішіпейіл болуға үйретемін. Дінде де адамды сыйлау туралы айтады. Мұның бәрін үйренген адам жаман болмайды. Біз ешкім емес, тек Алланың құлы екенін адамдар естен шығарды. Мен соны түсіндіргім келеді.



- Курс қанша тұрады?

- Мен жалпы коуч-мотиватор емеспін. Өзім жеке терапия жасаймын. Терапияның бағасы 2 сағатқа – 50 мың теңге. Онлайн курс жақында ғана бастадым. Оның құны – 10 мың теңге.


- Сонда сіздің ойыңызша, ата-аналар кішіпейілділікке үйретпей жатыр ма? Сонда адамдар қандай сұраныс, мәселемен келеді?

- Адаммен жеке жұмыс жасаймын. Бұл жерде курс арқылы тәкаппарлықтан арылады. Мысалы, адамдар көптеген сынақтарға тап болады. Осы кезде адамдар «өзімді өзгерткім келеді» деп келеді. Өмірін басқа арнаға бұрғысы келетіндер жазады. Бірақ ешкім тәкаппарлықты мойындамайды. Курста адамдарға өзінің осы менмендіктен арылуына атсалысамыз.


- Курстан соң қандай нәтиже болады?

- Тәкаппарлықтан арылып, Аллаға жақындай түсеміз. Алладан ғана сұрап үйренеміз. Әрекетіміздің нәтижесін Алладан сұраймыз. Осыны үйретеміз.