Ішінде "жыны бар" дейтін асаба: Сынайтындар алдымен мен сияқты төрт диплом алсын!

0
7 922

​Бақыт Шымырбаев, әнші, асаба.


Ішінде

Ескерту: Автор және редакцияның жазбаша рұқсатынсыз мақаланы көшіріп басуға тыйым салынады.

Бақыт Шымырбаев, әнші, асаба.

Қарашаш Есенбай: Қалыңыз қалай, аға! Әңгімені мынадан бастайықшы, өткенде сөйлескенімізде «Пендеміз ғой» бағдарламасына түстім, бірақ көрсетпейді, түсініспеушіліктер болды" деген едіңіз, бірақ эфирге шыққанын көрдік. Не өзгеріп кетті?

Бақыт асаба: Жоқ, олар ютуб желісіне салмаймыз деп айтқан. Ол жерде түсініспеушілік көп болды ғой, көп жерін кесіп тастапты. Бізді шақырғанда жәй той туралы бағдарлама болады, аса мән берудің қажеті жоқ деген. Барған кезде бізді бірден студияға кіргізіп жіберді, ал олар бәрін молданы, дінтанушыны дайындап қойыпты. Одан бөлек тойға қатысы жоқ адамдарды шақырған. Барлығын бізге қарсы қойып қойған. Сол жағын біз түсінбедік. Әлі оларға хабарласқан жоқпын, бірақ көп сөздерімді кесіп тастағандықтан оларға хабарласамын деген ойым бар.

Одан кейін жаңағы молдекеңдердің сөзіне келетін болсақ, әңгіме болып тұрғаны біздің тойда ойламаған жерден желіге кетіп қалған билеріміз. Әлеуметтік желі арқылы тарап кеткендіктен, соны талқылап жатыр. Бірақ менің айтқым келетіні, қоғамда түрлі мәселелер жеткілікті. Мысалы дінді бұзып намаз оқитындар, қытайлардың келуі, тойдың арақпен өтуі сияқты жағдайлар көп қой. Менің 4 минуттық биімді талқылағанша, жоғарыдағы мәселелерді талқылағаны оларға да, халыққа да сауап болар еді.

Қарашаш Есенбай: Сөзіңіз аузыңызда, тойда ойламаған жерде кеткен билер ғой. Бірақ қазір сол сіздердің табыс көздеріңізге айналып отыр, солай ма? Әу баста бәрі қалай басталып еді?

Бақыт асаба: Иә, табыс көзімізге айналды, ол жағын мойындаймыз. Алғашқы би 2015 жылы менің жиырма жылдық кездесуімде тарап кетті. Одан кейін досымның тойында билегенімді даяшы қыздардың біреуі түсіріп жүрген, сол біреудің қолына түскен. Негізі қазақтың жауы қазақ қой, өзім де сеземін кімнің ісі екенін. Өйткені қай уақытта, кімнің жібергені белгілі болады ғой. Оның ойы мені мұқату болған, бірақ ол менің пайдама кетіп қалды (күліп). Алдында ерсі қарап, күліп қарап жүргендер қазір құдайға шүкір, бетпе-бет келгенде немесе тойда жолыққанда «Сізді басқа адам деп ойладық» деп таң қалып жатады. «Байсалды екенсіз» деп айтады, өзіңіз де қазір мені танисыз. Қалай, ішінде «жыны» бар адамға ұқсаймын ба? Медреседе оқыған адаммын, «жыны» бар деп айтуға ешкімнің құқығы жоқ. Өткенде бағдарламада да айтқанмын, кімнің ішінде не бар екенін бір Алла біледі. Шәкәрім Құдайбердінің:

«Біреудің мінін көргенше,
Жамандығын тергенше,
Өз ойыңды мазалап,
Өз бойыңды тазалап,
Өзіңмен күрес өлгенше»,
- деген өлеңі маған сын айтқан адамдарға арналған сияқты болып көрінеді.

Мен біреудің әйеліне барып жабысып жатқан жоқпын, зиноқорлық емес, тойдың үстінде шешініп, аунап жатқан жоқпын. Мен жәй қана халықтың көңілін көтеру үшін билеймін. Біреуге қуаныш сыйлаған дін жөнінен де, басқа жағынан да жақсы емес пе? Ол жерде мен актерлік қабілетімді көрсетемін, өзім өнерде оқығасын білемін ғой. Оны көп адам түсінбегенсін айқайлап күле береді. Бірақ кезінде «Ыңғайсыз ғой, қойсай!» деп жүрген өнер адамдары қазір «Тойға сізді сұрап жатыр, жүріңізші» деп хабарласады.


Қарашаш Есенбай: Кім таратқанын да білемін деп отырсыз ғой. Қанша дегенмен ер адамсыз, алғашқы кезде бұлай таралып кеткеніне ашуланған шығарсыз?

Бақыт асаба: Иә, алғашында ашу болды. Одан кейін маған оларды сотқа берейік деп ұсыныс айтқандар да болды. Сенесіз бе, сол сотқа берейік деп хабарласқан адамдарды өзім де танымаймын, нөмірлері де есімде қалмапты. Солар бірақ "айыппұл төлетейік" деп хабарласып жүрді. Бірақ Алланың адамға берген ең үлкен сыйы - cабырлық. Бір айға дейін қатты ашуланып жүрдім, сол кездерде Құрманай Бахтиярқызымен кездесіп қалдым. Ол кісінің де сол уақытта бір видеосы тарап жатыр еді. Сонда ол кісі: «Бақытжан, кімді кім мақтап жатыр дейсің? Елбасын мақтап жатқан адамды көрдің бе? Мен сені сол арқылы танып, кім екеніңді білдім. Кімнің аузына қақпақ боласың!», - деп маған үлкен серпін берді. Басқа адамдарда көп ақыл айтты, мені жамандап салған сайын, маған деген сұраныс арта берді. Аллаға шүкір, қазір соның арқасында қазір қазан айына дейін тойға тапсырыс алып тастадық (күліп).

Қарашаш Есенбай: Иә,сізбен жолығу қиын болып кетті ғой. Өткенде оразаның кезінде бір кездесіп үлгеріп едік, одан кейін телефоныңызды ала алмай қалдық (күліп). Соған қарағанда күнде тапсырыс бар ғой?

Бақыт асаба: (Күліп) Иә, той жетеді!

Қарашаш Есенбай: Бірақ сіздің әлеуметтік желідегі парақшаңызды қарасам, әлі де теріс пікір жазатындар көп екен. Оларға бұрын ашуланғаныңыз түсінікті, ал қазір қалай қабылдайсыз?

Бақыт асаба: Қазір, қалай айтсам болады екен... Егер әр адамның ой-пікіріне елеңдей беретін болсақ қалай өмір сүреміз? Мен өзімнің рұқсат сұрайтын адамдарым, ата-анам бар, Құдайға шүкір. Өзім өнер адамы болғасын түсіністікпен қабылдаймын. Мен біреудің шаруасына, өміріне басымды тықпаймын, араласпаймын және ешкімнің аузына қақпақ бола алмаймын! Мені жақсы көретіндер жақсы көреді, ал сыншыларға құдай сабыр берсін деймін. Оларға айтарым мен сияқты болып алсын, мен секілді төрт диплом алсын! Жалпы өзімнің жолымды білемін! Осыған дейін ат құлағында ойнадық деп айта аламыз. Ол сыншылар өздерінін өмірін, қандай жолмен келе жатқанын біліп алсын, содан кейін ақыл айтсын.

Қарашаш Есенбай: Төрт диплом жақсы көрсеткіш қой. Оқырмандарға өзіңізді осы қырыңыздан да таныстырайықшы, қандай мамандықтар алып шықтыңыз?

Бақыт асаба: Бұрын сегіз сыныптық оқуды бітіргесін бізді кәсіби мамандыққа даярлау басталды. Ол кезде шыны керек, халықтың жағдайы жоқ еді. Балаларды оқытпақ тұрмақ, нан табу қиын болды. Сонда ауылды жердің берекесі бар, ес жинай бастағасын сегінші сыныптан кейін медресеге түстім. Ол жерде шектеу жоқ, төрт жылға дейін оқытып, сертификат береді. Медресені бітіріп, ауыл шаруашылығын дамыту мамандығы бойынша колледж тапсырдым. Сол кезде енді-енді асабалықты бастап, домбырамен бет ашып жүргенмін, сонда бір апайдың көзіне түстім-ау деймін. Өзі жетектегендей болып, «Бақыт, саған обал болады» деп Әуезов атындағы университетте өнер факультетіне тапсыртқан еді. Сосын мектепке жұмысқа кірдім, сол жерде жүріп дене шынықтыру мамандығы бойынша тағы білім алдым. Қазір мектепте музыкадан сабақ беремін.

Қарашаш Есенбай: Ұстазсыз, қанша дегенмен ұрпақ тәрбиелеп отырсыз. Қазір ғаламтор қолжетімді ғой, сіздің биіңізді оқушылар көргенде болар. Шыныңызды айтыңызшы, ол оқушылардың сізге сыйластығы қалай? Қаталдық таныта аласыз ба?

Бақыт асаба: Адамға адам көзімен қарасаң бәрі дұрыс қой. Керісінше, «Ағай, сіз сияқты болғымыз келеді» деп өнерге жақын жүргендер көп. Мысалы 100 оқушының 10-ы өнер жолын таңдады. Олар менің домбыра тартатынымды, той басқаратынымды көреді, соған қызығатын болулары керек. Ал интернеттегі билерімді бетіме басатын жағдай болған емес. Керісінше, директор орынбасырының айтуынша, мектептегі «Кімге ұқсағың келеді» дейтін жасырын қобдишаға көпшілігі мен сияқты жалындап тұрғымыз келеді деп жазады екен. Мен тойда 10-15 минут түрімді өзгертіп билейтін шығармын, ол менің актерлік қабілетім. Ал басқа кезде менің жан дүнием басқа, оны оқушыларым жақсы түсінеді. Ал керек жерінде қаталдық танытамыз. Бірақ бала ұрмаймын. Өзімнің ұлым да өнер жолында оқып жатыр.

Қарашаш Есенбай: Күнде тойда жүрсеңіз, сабақ беруге қалай үлгересіз?

Бақыт асаба: Мен жарты штатпен жұмыс істеймін, аптасына 3 рет қана барамын. Ал тойды күндізгі уақытқа алмаймын, тек кешкі уақытта барамын. Негізі музыка сабақтары соңында 4-5 сабақта болады ғой. Сағат 12-лердің шамасына болатын сабаққа үлгеремін ғой.

Қарашаш Есенбай: Оқушылар сіз сияқты жалындап тұрғысы келеді екен. Негізі өзіңіз энергияға бай адам екеніңіз байқалады. Бойыңыздағы бұл қасиеттер қайдан дарыды?

Бақыт асаба: Негізі менің әкем салмақты кісі, бірақ уақытында той басқарған екен. Ауданның тойларын басқарған асаба, әкемнің нағашылары серілер болған, елді аралап домбырамен ән салып жүрген дейді. Өз нағашыларым жағынан да бар.

Қарашаш Есенбай: Өзіңіз өнердегі адамдармен жақсы араласасыз. Олардың да сіз туралы пікірлері жағымды. Той бизнестен шығып, шоу-бизнесте жүруіңізге қандай кедергі бар? Өткенде сөйлескенімізде шоу бизнесте сіздің жүргеніңізді қаламайтын адамдар бар дегендей болған едіңіз...

Бақыт асаба: Қаламайтындар бар да шығар. Бірақ менің шоу-бизнеске уақытым жоқ. Менің ата-анам, балаларым бар. Үйдің жалғыз баласы болғасын, бәрін тастап секеңдеп жүрген маған жараспайды деп ойлаймын. Шоу-бизнеске барсам деген мақсатым жоқ. Өзім тойдан рахат аламын! Әр барған тойымнан міндетті түрде тапсырыс алып қайтамын, одан бөлек баталарын беріп, бетімнен сүйіп, алғыстарын айтып кетеді.

Қарашаш Есенбай: Көбінде той қай аймақтан жиі түседі?

Бақыт асаба: Алматыдан көп түседі, ол жақтағы қаламақы шамамен мың доллардай болады, одан бөлек Қарағанды, Жезқазған сияқты қалаларға барып тұрамын. Сосын әрине, Шымкенттен көп түседі. Оның үстіне бұл жақ жайлы, үйреніп қалғанбыз. Қай уақытта олар мені қабылдап, қабылдамай отырғанын сезініп тұрамын. Қай аймаққа барсам, сол аймаққа жиі шақырып тұрады негізі (күліп).

Қарашаш Есенбай: Жақсы аға, шығармашылығыңызға табыстар тілейміз. Той үзілмесін!

Фото кейіпкердің жеке мұрағатынан алынды.

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ