"Жоба туралы әңгіме болса, жылағым келеді": "Бір болайық" шоуының қатысушысымен сыр-сұқбат

0
4 061

Менің бүгінгі кейіпкерім - “Бір болайық” реалити шоуының қатысушысы, шоу арқылы өз бақытын тауып, қырғыз жігітпен отбасын құрған Бекешова Аружан.


Қарашаш Есенбай: Аружан, тойға дайындық қарқынды деп естідім. Соған қарамастан, сұхбат беруге келіскеңізге рахмет. Өзіңіз туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Қай жердің тумасысыз?

Аружан Бекешова: Кеш жарық! Есімім Бекешова Аружан Арманқызы. Талдықорған қаласында, Балпық би кентінде дүниеге келдім. Қазір жасым 22-де, 22 мамырда 23-ке толамын. Өзімнің мінез құлқыма тоқталар болсам, мен өте көңілді, ақжарқын, ашық қызбын. Еңбекқормын.

Қарашаш Есенбай: Белгілі бағдарлама “Бір болайық” реалити шоуында белсенді қатысушылардың бірі болдыңыз. Кастингтен өтер сәтте бағдарламаның қай талабына сай келіп, қатысушы атандыңыз?

Аружан Бекешова: «Бір болайық» бағдарламасына баруымның өзі қызық. Аяқ асты құрбымның ұсынысымен, бағдарламаның сол кездегі қатысушысы Сәкен деген балаға үміткер болып бардым. Шынын айтсам, алғашында бағдарламаның шынайылығына мен де сенген жоқ едім. Таныстық алаңы болған соң танысып көргім келді. Кейін Сәкенмен таныстық тоқтаған соң, екінші мәрте бағымды сынап көрейін деп, әр жұма сайын ұйымдастырылатын кастингке қатыстым. Кастингте менің тұрмысқа шығуға дайын екенімді, белсенді қыз екенімді аңғарған соң, қатысушы болуға мүмкіндік берді.

Қарашаш Есенбай. Бағдарлама сізге не берді? Бастапқыда Аружан ерке, қырсық еді. Қазір қандай?

Аружан Бекешова: Бағдарламаға келгелі менің өмірім 180 градусқа өзгерді деп айтсам болады. Себебі, бағдарламаға келген Аружан мен қазіргі Аружан екі түрлі. Менің қазіргі өзгерісіме кейде өзім де, отбасым да таң қалады. Бағдарламада отырып, сабырлы болуды үйрендім. Түрім сол қалпында болса да, бағдарлама менің жан дүниемді өзгертті. Ия, мен бастапқыда қырсық, ерке қыз едім. Қазірде бойымда еркелік бар, бірақ орнымен, ретімен еркелеу керектігін үйрендім.

Қарашаш Есенбай: Жобаның шынайылығына күмән келтірушілер көп. Қатысушы ретінде айтыңызшы, жоба қанша пайыз шынайы?

Аружан Бекешова: Мен де көрермен ретінде бағдарламаның шынайылығына күмән келтірген едім. Отырған қатысушылар айтатын сөздерін қағазға жазып алып, түнімен жаттап алады, бәрі сценарий деген ойда болдым. Кейін өзім үміткер болып, кейін қатысушы болып келгеннен кейін жобаның шынайылығына көзім жеттім. Мен қатысушы болып жүрген кезде де туыстарым мен айналамдағы адамдар сенбейтін. Кейін мен өз бақытымды бағдарламадан тауып, тұрмысқа шығайын деп жатқаннан кейін ғана пікірлерін өзгертті. Қазір менің айналамда, таныстарымның арасында бағдарлама қатысушысы болып, сол таныстық алаңынан тұрмысқа шыққысы келетіндер көп.


Қарашаш Есенбай: Айтылатын жақсы, жаман пікірлер, тағылған сын, соның барлығын көтеріп жүру қиын шығар? Жобадан шаршап кеткен кездер болды ма?

Аружан Бекешова: Ия, ондай сәттер болды. Көрермендердің есінде болса, маған өзім секілді қатысушы Данияр намысыма тиіп, неше түрлі пікір айтқан еді. Сол кезде мен біраз есеңгіреп қалғаным бар. Ешкімнен қолдау болмай, тіпті өзіме қол салсам ба деген де ой кіріп шыққан болатын. Алланың жібергені болар, сондай көңілсіз, түсініксіз сәтте Шах мырза маған хабарласып қалды. Екеуміз сағаттап сөйлесіп, іштегі ойымды, құлазып кеткенімді жеткіздім. Шах мырза маған сондай қиын сәтте күш берді. Ақыл кеңесін айтып, тұңғиықтан шығарып алды.

Тек қатысушылар емес, көрермен тарапынан да неше түрлі сыни пікірлер айтылып жатады. Барлығын жүрекке қабылдамауға, бірден кешіруге, жеңіл қарауға тырысамын.

Қарашаш Есенбай: Сіздің ойыңызда намыс деген не? Сіздің намысыңызға тиетіндей сөздер немесе іс әрекеттер қандай?

Аружан Бекешова: Намысыма тигісі келетін адамдар көп болды. Жобада ең бірінші Асхат деген қатысушы мені ашылған құлыпқа теңеген. Соның маған қарсы айтылған орынсыз пікірі, ашуға шақырғаны, намысыма тигені рас. Бірақ мен өзімнің пікірімде тұрып, соңына дейін бақытымды күтіп жобадан шығып кетпей, нәтиже көрсеттім.

Қарашаш Есенбай: Білуімше, үміткеріңіз, болашақ жарыңыз Арген қырғыз ұлтынан. Басқа қала емес, ел ауыстыруға жүрексінбейсіз бе?

Аружан Бекешова: Бала кезде еліміздің әр қаласына барып саяхаттап, қыдырып жүретін едім. Маған басқа қала, ел тану таңсық емес. студент кезімде де оқу ордасында белсенді болып, шетел аралап, түрлі жарыстарға қатысушы едім. Анам қалжыңдап «сен түбі шет елдің азаматына тұрмысқа шығасың ау» деуші еді. Меніңше, жаныңда сені сүйетін, қолдайтын адам болса, жердің қай түкпіріне болса да баруға болады. Қырғыз ұлтын өзге ұлт деп қабылдамаймын. Тілімізде де, салтымызда да ұқсастық бар. Мен үшін оның діні маңызды. Ол да мен секілді мұсылман. Жоба барысында, Аргеннің отбасын, тұратын жері мен елін көру мақсатында, танысу үшін Қырғызстанға барған едім. Сол кезде де біздің айтарлықтай өзгешелікті байқамадым.


Қарашаш Есенбай: Арген қырғыз жігіті. Талаптарына сай келдіңіз бе? Ол ше? Қандай қасиеті сіздің көңілізден шықты?

Аружан Бекешова: Ол мен сияқты еті тірі, пысық қыздарды жақсы көреді. Әрине, менің кейбір қылықтарымды түзеткісі келген еді. Мен шашам келгенше, оның да көңілінен шығуға тырысамын. Ал маған Аргеннің жүрегінің жұмсақтығы, мейірімділігі, адамгершілігі, шынайылығы ұнады. Танысқан сәттен бастап, біз бір бірімізді қолдауға, кез келген мәселені бірлесіп ақылдасуға тырыстық, содан болар арамызда үлкен түсіністік бар.

Қарашаш Есенбай: Қазақстан әр өңірінің салты әр түрлі. Біздің елмен көрші халықтың салт дәстүрінде айырмашылық бар болар?

Аружан Бекешова: Біздің ас мәзіріміз бірдей. Ош қаласы Өзбекстанға жақын болған соң, кейбір салттары өзбектерге сәйкес келеді екен.

Қарашаш Есенбай: Аружан мен Арген жұбы дегенде көрермен қауымы қандай пікір айтады? Сіздің жұпқа қандай баға береді?

Аружан Бекешова: Арген мен Аружан дегенде көпшілігі бізді махаббаттың символы деген пікір білдіреді. Жоба барысында біздің қолдаушыларымыз көбейді. Бізді кейде қолдаушыларымыз қосып отырады.

Қарашаш Есенбай: Жоба сізге танымалдылықтан басқа не берді?

Аружан Бекешова: Жоба туралы тақырып қозғалса, менің жылағым келеді. Жобаның әр қызметкеріне алғыс білдіремін. Маған танымалдылықтан бөлек, тәрбие берді. Жоба менің екінші отбасым болып кетті. Жобада отыру арқылы үлкен өмір мектебінен өткендей болдым. Менің «Бір болайыққа» алғысым шексіз.

Сұхбатыңызға рахмет!

Сұқбаттасқан Қарашаш Есенбай