Әйелдің қолына қарап оның жасын білуге болады.
Дененің қай бөлігін алсаңыз да, жас ұлғайған сайын тері де қартаяды. Ең алдымен алғашқы әжімдер бет терісіне түссе, қол терісі де қалыс қалмайды. Адамның жасын қолының терісіне қарап «білуге» болады екен.
Сондықтан, қолдың терісіне де ерекше күтім қажет. Қолдың терісі мақпалдай жұмсақ, әдемі болуы үшін бірнеше маска түрлерін ұсындық. Өзіңізге қолайлы келген маска түрін пайдаланып көріңіз:
ӘЖІМге қарсы маска
Әр күні кешқұрым, яғни, жатар алдында бір дана жұмыртқаның сарысына 1 ас қасық бал мен 1 шәй қасық сұлы ұлпасын салып, жақсылап араластырыңыз. Қолыңызбен араластырып, соңынан дереу қолыңызға жағып шыға қойыңыз. Қолыңызға жұқа матадан тігілген (бастысы табиғи болуы шарт) қолғап киіп жатыңыз. Ұйқыңыздан оянғанда қолыңыздың терісі нәзік, әжімдер тартылған, өте балғын кейіпке енеді.
ӘЖІМ түспесін десеңіз, МЫНА ГҮЛДІ үйде өсіріңіз
ТЕРІні жұмсартуға арналған маска
1 ас қасық балды 2 ас қасық кез-келген өсімдік майына және бір дана жұмыртқаның сарысына бірнеше тамшы лимон сөлін тамызып, барлығын жақсылап араластырыңыз. Дайын болған қоспаны қолыңызға мұқият жағып, жұқа қағаз немесе мата қолғап киіп алыңыз. Бұл масканы жатар алдында жасасаңыз, нәтижеге жылдам жетесіз.
Қартаюға қарсы маска
2 дана картопты қайнатып алған соң, үстіне сүт құйып, ботқа тәріздес қалыпқа енгенше езесіз. Қатты қою болмағаны жөн. Сұйықтау әрі суымаған бұл масканы қолыңызға жағып, 2-3 сағат жүруіңіз керек. Уақыт өткеннен кейін, жылы сумен жуып тастаңыз.
Дақтарға қарсы маска
2 ас қасық сұл ұлпасын (ұнын) 1 ас қасық ыстық су мен күнбағыс майы, 1шәй қасық лимон сөлімен араластырыңыз. Қолыңызға жағып болған соң, міндетті түрде қолғап киіп алыңыз. Мұны жатар алдында жасасаңыз, таңертең ұйқыңыздан оянғанда әдеттегідей жылы сумен жуып тастайсыз.
Құрғақ қол терісі үшін...
1 дана жұмыртқаның сарыуызын бөліп алған соң, оның жартысын жақсылап қозғап, көпіртіп алыңыз. 1 ас қасық өсімдік майын жұмыртқаның сарыуызына сыздықтатып, аз-аздан қоса отырып, араластырып алыңыз. Қолыңызға жағып, 15-20 минут ұстаңыз. Соңынан жылы сумен жуып, құрғатып алған соң, міндетті түрде қолға арналған кремді жағып қойыңыз.
Суықтан «тырысқан» қол терісі үшін...
1 дана сәбізді үккіштен өткізіп, 2 шәй қасық крахмал қосыңыз. Оның үстіне 1 дана жұмыртқаның сарысын араластырып, қолыңызға жағыңыз. 20 минуттан кейін алдымен жылы сумен, соңынан салқын сумен шайыңыз. Бұл маска қолыңыздың терісін жұмсартады.
ШЫНТАҚқа арналған маска
Бір дана апельсинді ортасынан екіге бөліп алған соң, сөлін сығып алыңыз. Оның үстіне 4 ас қасық өсімдік майын араластырыңыз. Бөлінген апельсиннің ішіне осы қоспаны қайтадан құйып, шынтағыңызға «кигізіп», 5-10 минуттай айналдырып, уқалаңыз. Немесе қолыңызбен де дайындалған қоспаны жағуыңызға болады.
Егер шынтақ терісі қатты, құрғақ болса, масканы жарты сағат ұстаңыз. Соңынан салфеткамен сүртіп тастасаңыз да болады. Яғни, міндетті түрде жуу қажет емес.
Қолыңыз қатты құрғап, жарылып кетсе...
Ақжелкенді (петрушка) еттарқыштан өткізіп, сөлін сығып алыңыз. 1 шәй қасық ақжелкен сөліне жарты ас қасықтан көбірек балық майы мен 3 шәй қасық майсыз сүзбені қосып араластырыңыз. Қолыңызға жағып, 15-20 минуттан соң жылы сумен жуып тастаңыз.
Дайындаған: Г. Жұмаділдаева,