Беттегі қара дақты кетірудің ең оңай жолы

0
67 619

Бетте пайда болатын қара дақтар қазір әйелдермен қатар, ер адамдарды да жиі мазалайды. Ол безеу сияқты ыңғайсыздық тудырмаса да, келбетіңіздің көркіне кері әсер ететіні шындық. Бүгін сол қара дақтардың неден пайда болатынын және қалай құтылу керек екеніндігі туралы ақпарат береміз.


Беттегі қара дақты кетірудің ең оңай жолы

Қара дақтарды медицина тілінде «камедондар» деп атайды екен. Олардың пайда болуына бірден бір әсер ететін фактор – беттің майлылығы. Беттің майлы бездері майды шамадан тыс бөлуінің әсерінен пайда болады. Әсіресе, ол беттің «Т» зонасында көбірек кездеседі, яғни мұрын, маңдай мен иек тұста. Өйткені бұл бөліктер беттің ең майлы жерлері. Қара дақтардың пайда болуына майлылықтан бөлек, дұрыс күтім жасамау да себеп. Әр қыз баласы күніне екі мезгіл бетке арнайы күтім жасауы керек. Ұйқыға жатар алдында міндетті түрде бетті тазалау қара дақтан сақтап қана қоймай, денсаулықты да жақсартады. Одан бөлек қара дақтар дұрыс тамақтанбау және ішек құрылысының бұзылуынан да туындап жатады.

Бетті қара дақтардан тазарту 4 кезеңнен тұрады.

Бет терісін қорғаңыз: Ең алдымен майлы бет терісінің иелері өздерін күн сәулесінен қорғауы керек. Міндетті түрде күннен қорғайтын крем пайдаланған жөн. Егер күні бойына күннің астында жүруге тура келсе, әр үш сағат сайын бетіңізді тазалап күнге қарсы кремді қайта жағып отырыңыз. Одан бөлек, бетіңізге сәуле түсірмейтін бас киім киіп алыңыз.

Апта сайын маска. Байқасаңыз, майлы беттегі тесіктердің көлемі ұлғайып кетеді. Негізі ол тесіктердің ұсақ болып, сырт көзге білінбегені абзал. Ол үшін саз балшықтан жасалған маскаларды жиі қолданыңыз. Ондай маскалар қабынуды басып, беттің терілерін тарылтады.

Ұқыпты тазалық. Бетті уақытымен тазартып тұрған жөн. Тазартудың қандай тәсілдері бар екенін өткен жолы айтқан болатынбыз. Өзіңіздің күн сайынғы күтіміңізден бөлек, кемінде айына бір рет косметолог маманға көрініңіз. Олар бетіңіздің терісін кәсіби тазартып бергеннен кейін, келеңсіздіктер азаятын болады.

Сапалы косметика. Бетті кез келген қоспамен жуып, кездескен бояуды қолдана беруге болмайды! Алдымен, құрамына қарап сізге кері әсер ететін элементтер жоқ екеніне көз жеткізіңіз. Жалпы майлы беттерге құрамы жеңіл кремдер, маскалар пайдалану кеңес етіледі.


Қысқаша ақпарат: Үй жағдайында қара дақтарды кетіру үшін көпшілік бетті буландыру тәсілін қолданып жатады. Ол үшін түймедақ гүлінен дайындалған ыстық тұнбаға бетті 10-12 минут тосу керек. Онан соң, босаңсыған теріден қара дақтарды қысып шығарып тастайды. Ол үшін қолыңыздың таза болуын ескеріңіз. Өйткені буланған бет инфекцияны тез қабылдайды. Дақтарды шығарып болған соң, бетті лосьонмен сүртіп, ылғалдандыратын маска жағыңыз.

Фото: edinstvennaya.ua

Автор: @karashash_esenbay

ERNUR.KZ