​АНАның әр әрекеті ҚЫЗЫНЫҢ ТАҒДЫРЫНА әсер етеді

0
5 835

Қандай әсері барын білу үшін аналардың түрлерімен танысу қажет.


​АНАның әр әрекеті ҚЫЗЫНЫҢ ТАҒДЫРЫНА әсер етеді

Қыз балалардың көпшілігі анасына қатты еліктейтіні белгілі. Олар тіпті, кішкентайынан бейсаналы түрде анасының отбасындағы рөлін, әр іс-әрекетін, психологиясын қабылдайды. Ананың қызына қалай қарым-қатынас жасағанының өзі бойжеткен кездегі, отбасылық өміріне ықпал етеді екен.


Қай ананың қызының болашақ тағдырына қандай әсері барын білу үшін алдымен аналардың түрлерімен танысу қажет.


МЫҚТЫ АНА: қадағалау, сынау, түзету

Мансап жолын құрған, жетістікке жеткен, өзін-өзі алып жүре алатын тәуелсіз аналар отбасында да мықты тұлғаның бірі болады. Ол кімге қай кезде не айту қажетін, қандай жерге не киіп бару керегін жақсы біледі. Кімнің қалай өмір сүргені дұрыс екенін де өзінен артық білемін деп санайды. Осы ойдың салдарынан жақындарының өміріне жиі араласып, кейде тіпті артық кетеді. Өзгелерге өз ережесін орнатқысы келеді, талап қояды, жоспарын құрады, қадағалауда ұстайды. Әрине, мұндай қарым-қатынастан өз қызы да тыс қалмайды. Қызы қандай да бір қателік жібере қалса, аяусыз сынап, түзету жолдарын нұсқап, соны жасауды талап етеді. Әлбетте, ешқандай ана мұны жаман ниетпен жасамайды. Бұл әрекет бірінші кезекте «балам суға түспесін, отқа күймесін, жаза баспасын» деген жақсы ниеттен туады. «Менің қатемді қайталамаса екен» деген тілек те бар. Яғни, ана өзі жасаған қателерді қызы да қайталап, қиналмаса екен деген оймен оны барынша түзу жолмен алып шығуғыа тырысады.

Алайда, астарында қаншалықты жақсы ниет жатқанымен, мұндай іс-әрекеттер ана мен қызының арақатынасына сызат түсірмей қоймайды. Әсіресе, қыз бойжете бастағанда қиындықтар да туа бастайды.

Әсері сол, үздіксіз сынау, таусылмайтын тыйымдар мен түзетулерден шаршаған қызы анасынан бөлініп, тұйықтала бастайды. Ол өзіне сенімсіз, адамдармен араласа алмайтын, өз бетінше шешім қабылдай алмайтын әлсіздеу жанға айналады. Оның үстіне үнемі алдында қиын таңдау тұрады: анасының айтқанын тыңдау әлде қарсы шығып, өз дегенін жасау. Осындай әуре-сарсаң ойда жүрген бойжеткендер ешқашан толыққанды, жан-жақты дамыған тұлға ретінде қалыптаса алмайды. Ер-азаматтармен араласып, сырласудың да болмайтыны түсінікті. Нәтижесінде адамдардың ішкі әлемін, пиғылын тани білмейді.

Сонымен қатар, өзін басқа біреудің бағалауы, жақсы көруі үшін алдымен соған лайық болуым керек, еңбегім сіңуі керек деген тұжырым шығарады. Яғни, бәріне ыңғайлы, тура жолдан таймайтын, жан қалауын емес, өзгелердің талабын бірінші орынға қоятын болады. Мұндай мінезбен де әйел бақытына қол жеткізу қиын екені белгілі.


ҚАМҚОР АНА: шектен тыс өбектеу

Арамызда мұндай аналар да аз емес. Әрине, ананың қамқорлығынан артық ештеңе жоқ. Әйтсе де, шектен шықса, оның да кері тұстары бар. Кейде орынды-орынсыз асты-үстіне түсіп, бар жағдайын жасап, барлық қауіп-қатерден сақтандырып отырғанның өзі жас жеткіншектің тынысын тарылтады. Себебі, онда ешқандай еркіндік, эмоция болмайды.

Әдетте, мұндай қадамға өзі бала кезінде аса қамқорлық көрмеген аналар барады екен. Олар өзінде болмаған «жоқтың» орнын толтыру не балалық шақтың жарақатын жазу үшін бар назарын өз қызына аударады екен. Немесе айналада болып жатқан жағымсыз жайлардың әсерінен «көлеңкесінен қорқатын» кісіге айналады. Яғни, қызыма бірдеңе болып қалады деп қатты қорқады. Ал орынсыз қорқыныштың адамды жақсылыққа жетелемейтіні аян.

Осындай қамқорлық аясынан бойжеткен қыздың әйтеуір бір күні шығатыны анық. Сол кезде ол әлемнің анасы жасап бергендей керемет еместігін, адамдардың бәрі анасындай мейірімді еместігін, ол үшін бәрін үнемі басқа біреудің жасап бермейтінін түсінеді. Мұны қабылдау қиынға түседі.

Олай қабылдамаған жағдайда ол өзінің өмірлік жарынан көп нәрсе күтетін болады. Яғни, өзінің бар жағдайын жасап, асты-үстіне түсіп, күндіз-түні өбектеуін, бар ауыртпашылықты, жауапкершілікті бір өзі арқалауын, бір сөзбен айтқанда анасының орнын басуын талап етеді. Күйеу бұған көне қойса, жақсы. Көнбесе, әрине арада араздық туады.


«ЖАҚЫН ДА БОЛСА, АЛЫС»

Көбіне жұмыстан қолы босамайтын не өзі үйде болса да, ойы түзде аналар балаларына алыс болады. Алыс дегенде, күнде жанында жүруі мүмкін. Бірақ, ашылып сөйлеспейді, сырласпайды, қызының қиялынан, қылығынан хабарсыз. Мұндай кезде анасы мен қызының арасындағы байланыс бұзылады деудің өзі артық. Себебі, байланыс мүлдем жоқ, болмаған.

Әрине, ананың мұндай салқындығы қызының бойында көптеген комплекстер тудыратынын түсіну қиын емес. Себебі, ол анасы жанында болса да, кішкентайынан оған деген сағыныш, жалғыздық, өзін керексіз санау сезімдерімен өседі. Өзін анасының өмір сүруіне кедергі жасап жүрген артық адам санайды. Өмірден ләззат ала алмайды. Не істесе де, анасының назарына түсу үшін, сол кісінің ризалығы үшін жасайды. Осылайша ана махаббатына бөленуді көздейді.


МАНИПУЛЯЦИЯ ЖАСАУШЫ АНА

Өкінішке орай, ұл-қыздарын көз жасымен, ауру-сырқау, басқа да жағдайын айтып, дүниеге қалай қиналып әкелгенін, өсіргенін міндет қылып, сол арқылы айтқанына көндіретін аналар да бар. мұндай әдіс әсіресе қыз балаға қатты өтеді.

Анасы тарапынан орын алатын осындай эмоционалды қысым көрсетіп, бопсалауға бойұсынған қыз бойжете келе ешқашан өз қалауын, тілегін алдыңғы орынға қоймайтын болады. Өзін тіпті де бағаламайды. Әлдекім көңілін аударып, жүрегін ұсынып тұрса да, өзін ондайға лайықты санамағандықтан, бәріне күдік-күмәнмен қарайды. Ешкімге өз өмірі мен жүрегін сеніп тапсыра алмайды.

АНА-ҚҰРБЫ

Анасы мен қызының тең құрбыдай сырласқаны жақсы-ақ. Алайда, ана бәрібір өз биігінде қалуға тиіс. Жаңа өсіп келе жатқан жасқа оның өмірлік тәжірибесі, ақыл-кеңесі, көргенінен түйгені ауадай қажет.

Ендеше, «қызыммен құрбыдай болсам» деп, жастармен жарыса сәнденіп, жасына лайық емес сырт келбетке ұмтылып, өзін тым жас көрсеткісі келетін аналарды қайтеміз? Психологтардың айтуынша, қызына құрбыдай болатын көбіне осындай жасы ұлғайса да, ақылы жетіле қоймаған, ұл-қызы түгілі, өз ісі үшін жауапкершілік арқалағысы келмейтін, жеңіл ойлайтын, ұшқалақ аналар екен. Әрине, мұның да кері әсері болмай тұрмайды.

Мұндайда қызы кішкентайынан өзіне артық жауапкершілік алып, анасының орнына күрделі мәселелерге қатысты шешімді өзі қабылдауға мәжбүр болады. Егер отбасы толық емес, яғни, жанында әкесі де болмаса, онда тіпті, әкесінің орнына отбасы тізгінін өз қолына алуына тура келеді.

Осындай жағдайда өскен қыздар ерте есейеді. Олар кішкентай бала сияқты еркелеуді, қыз секілді наздануды білмейді. Әйел табиғатына тән қылықтары болмайды. Ал мұндай бойжеткендерге отбасылық өмірде біраз қиындықтар кездесетіні түсінікті.


ӨЗІН ҒАНА ОЙЛАЙТЫН АНА

Өзгенің бәрін ысырып тастап, өзін бірінші орынға қоятын аналар да бар. олардың бар уақыты тек өз бойын күтумен, сырт келбетін сәндеумен өтеді. Тіпті, қызын өзіне бәсекелес ретінде көріп, одан да жас, сұлу болуға ұмтылатындар да бар. «Бәрінің назары тек менде болса екен» дейді өйткені.

Бұл жағдайда да анасынан өзінің сырт келбетіне қатысты ешқандай мақтау сөз естімеген қыз өзін аса бағаламайды. Тек өзіне ғана ғашық анасының келбетіне қарап тамсанып, «мен неге анама ұқсамағанмын?» деп өзін төмен санаумен болады. Нәтижесінде шынында да онда әйелге тән әдеттер, тартымдылық, қылықтылық қалыптаспайды.


САЛҚЫНҚАНДЫ АНА

Бала тәрбиесінде махаббат пен мейірімнен көрі қаталдық көбірек керек деп санайтын аналар да табылады. Олар әдетте ұлмен де, қызбен де суық, салқынқанды арақатынас орнатады. Перзенттерінің ішкі жандүниесіне, сезімдеріне үңіле бермейді. Өзі орнатқан тәртіп қатаң сақталса, өзі сызған сызықтан ауытқымай жүрсе болғаны.

Өзінің эмоциялық тұрақтылығын, қандай жағдай болмасын суық санамен қабылдайтынын, сезімін сыртқа білдірмейтінін қызына үлгі етеді. Құшағына алып, жылы сөзін айтып, бетінен сүю, махаббатын білдіру арқылы оны сезімге берілгіш, әлсіз қылып аламын деп ойлайды.

Мұндай ананың қызы расында да сезімнің алдында әлсіз болып өседі. Қай жерде жүрсе де өзгелердің жан жылуына, махаббатына зәрулігі айқын сезіледі. Содан да кішкене көңіл білдіріп, аздап жылу сыйлаған жанның етегінен ұстап, соңынан еріп кетуге әзір тұрады.


Сонда қандай АНА болу керек?

Өз бағасын білетін, бақытын ештеңемен өлшемейтін және ешкіммен байланыстырмайтын, сезімі де, санасы да сау, өмір жолында кездескен адамдарды тани білетін, ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпейтін қыз тәрбиелеу үшін АНА қандай болуы керек? Жоғарыда айтылған типтердің бәрі болу әрі олардың ешқайсысы болмау. Немесе, әр типтің керегін мөлшерімен алып, керек емесін сызып тастау.

Қаталдық пен қамқорлық, қажет кезінде қадағалау мен тиісті тұста еркіне жіберу, бар махаббатын төге тұра кей кезде сезімді жүгендеуге үйрету, түсіну, кез келген тақырыпта ашық сөйлесіп, құрбысындай сырласу, қателескен тұста жазғырмай, аналық ақылын айтып, қолдау білдіру, кей мәселені өз бетімен шешуіне мүмкіндік беріп сырттай ғана бақылау – осының бәрі керек. Тек әрқайсысының орны мен шегін ажырата білу маңызды.

Дайындаған: А.Мейірханқызы,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:


ӘКЕ мен АНАның балаға беретін ең жақсы ҮЛГІСІ


КҮЙЕУІҢІЗ көпшілік көзінше БОҒАУЫЗ СӨЗ айта берсе, себебі МҰНДА