Балаға жиі АЙҚАЙЛАЙТЫН АНА өзіне осы 3 СҰРАҚТЫ қойсын!

0
242

Бұл сұрақтар айқайдың түпкі себебін түсінуге және азайтуға көмектеседі


Балаға жиі АЙҚАЙЛАЙТЫН АНА өзіне осы 3 СҰРАҚТЫ қойсын!

Сурет: ЖИ

Сіз – анасыз. Тіпті бір емес, бірнеше баланың анасы болуыңыз мүмкін. Ана болу – үздіксіз әрі жүктемесі көп еңбек. Алайда, сізді бұл мамандыққа ешкім оқытып-үйреткен жоқ. Сондықтан қоғам көргісі келетіндей «мінсіз ана» болу әрдайым қолдан келе бермейді.

Мінсіздіктің қолдан келуі міндетті де емес. Кей жерде кемшіліктерге көз жұмуға болады. Алайда, жол беруге болмайтын, орын алса, баланың болашағына қатері тиетін қателіктер де болады. Солардың бірі – жүйке жұғарғанда балаға айқайлау. Яғни, «Таз ашуын тырнадан аладының» керін келтіру.

Клиникалық психолог Ирина Польгун балаға айқайлап, ашуланбау үшін өзіңізге дәл осы 3 сұрақты қою керек екенін айтады.

Адам реакциясының мынадай құпиясы бар:

  • Реакцияның 10% – дәл осы жерде, дәл қазір орын алған оқиғаға қайтарылатын реакция.
  • 90%-ы – бұл алдыңғы жағдайлардан қордаланып жиналған реакция. Қарапайым тілмен айтқанда, бұл бұрын болған ұқсас оқиғаларға білдірілмей, іште қалып кеткен жауап. Демек, ол адам қазіргі жағдай өткендегі жағымсыз жайтқа бары-жоғы 10%-ға ғана ұқсаса да, саналы түрде емес, өзін қорғауға және бұрынғы жеңілісі үшін дәл осы жерде кек алуға ұмтылады. Кейбір адамдардың ұсақ-түйекке қатты ашуланатынының себебі осы.

Енді балаңызға ашуланып, айқайлаған кезде, өзіңіздің мүлдем басқа нәрсеге реакция беріп жатқаныңыз түсініктірек болды. Осындай сәтте өз ішіңізге үңіліп, өз реакцияларыңызға байланысты 3 сұрақ қойған пайдалы.


1. «Мен балама не үшін ашуланып тұрмын?»

Бәлкім, бала өзінен талап етілген нәрсені жүз рет айтылса да, істемей жатқан болар. Ал сіз оған әрбір айтқанда не істеу керегін, не істеуге болмайтынын ұғынықты жеткізе алғаныңызға сенімдісіз бе? Оның бәрін жақсы түсінгеніне көз жеткіздіңіз бе?

Егер сол сәттерде жеткілікті түрде сабырлық таныта алмаған болсаңыз, бұл өзіңіздің сабырсыздығыңызды білдіреді. Ендеше, төзімдірек болыңыз! Өзіңізге түсіндіруге және түсінуге уақыт беріңіз. Тереңірек мән берсеңіз, балаңыздың мінез-құлқында бұрын байқамаған көптеген нәрселерді көрсесіз.

Егер өзіңіз сабырлық танытуды үйренсеңіз, сырттан келген ақпаратты қабылдай алмайтын немесе оны жылдам әрі сапалы қабылдайтын белгілі бір күйлеріңіз бар екенін байқайсыз. Балаңызда да дәл осылай болады. Егер оған өзіңізге қарағандай сабырмен қарасаңыз, оның сізді қашан ести алатынын, ал қашан күте тұру немесе оның сондай күйге келуіне көмектесу маңызды екенін байқайсыз.


2. «Өзімді жақсы ана ретінде сезіну үшін нені қате істеп жатырмын және неге қолымнан келмей жатыр?»

Сіздің қаншалықты жақсы ана екеніңізді ешкім айта алмайды. Егер балаңыздың киімі бүтін, қарны тоқ болса, сіз оның негізгі базалық қажеттіліктерін өтеп тастадыңыз. Бірақ тағы бір қажеттілік қалады, ол – қауіпсіздік.

Егер бала өзін қауіпсіздікте сезінбесе, ол бұл сезімді табу үшін қолынан келгеннің бәрін саналы түрде емес, инстинктивті түрде жасайды. Ал баланың қолынан келетіні өте аз, ол тек өзіне назар аударту. Бала әлі өздігінен әрекет ете алмай тұрғанда жылайды және айқайлайды. Бұл оның назар аударту үшін қолданатын жалғыз құралы. Бәрі жақсы болуы үшін біреу келіп, бір нәрсе жасауы керек.

Ұқсастықты байқадыңыз ба? Балаға айқайлағанда, одан бір нәрсе істеуді және сізге жақсы қарауын талап етіп, өзіңіз шарасыз сәбиге айналасыз. Ал егер сіз шарасыз сәби күйінде болсаңыз, ол сәтте қалай жақсы ана бола аласыз?


3. «Оған «Жоқ» деген жауапты ашусыз немесе өзімді кінәлі сезінбей қалай айта аламын?»

Сіз өзіңіздің шекараларыңызды білесіз бе? Қашан «жоқ» деп айту маңызды екенін білесіз бе және айта аласыз ба?

Баламен бұл процесс күрделірек. Сіз жақсы ана болғыңыз келеді және балаңызды қалай жақсы көретініңізді көрсеткіңіз келеді. Нәтижесінде оған қаншалықты көп нәрсеге рұқсат беріп жатқаныңызды бақыламайсыз. Ол не істеуге болатынын және не істеуге болмайтынын өзі түсінуі керек деп есептейсіз. Бұл қателік!

Сеніңізші, тіпті ересектердің барлығы не істеуге болатынын, не істеуге болмайтынын түсіне бермейді. Сондықтан баладан мұндай ерлік күту мүлдем қисынсыз. Олар сіз санасына жеткізе алған және өзі түсінген барлық ережелерді сақтауға тырысады, бірақ тек қолынан келген кезде ғана. Нәтижесінде сіз рұқсат бересіз, ал ол мұны қалыпты жағдай ретінде қабылдайды, сондықтан сізде «ол мені сыйламайды, естімейді» деген сезім қалыптасады.

Көп ұзамай сіз бәріне тыйым сала бастайсыз және қалаулары үшін айқайлап, сөгесіз. Ал одан кейін кінә сезімі оянып, өзіңіздің жаман ана емес екеніңізді дәлелдеу үшін қайтадан бәріне рұқсат бересіз. Осылайша кезктесе қайталана береді.

Бұл процесті тоқтату үшін ұстамдылық болуы керек. Жүйкеңіз тозғанда, ашумен тыйым салып, көңіл-күйіңіз жақсы кезде рұқсат беретін болсаңыз, бұл тәрбие процесіне кері ықпал етеді. Бала ата-ана тарапынан ережелер бар екенін және оларды сақтау өзінің қауіпсіздігі мен сенімділігі үшін маңызды екенін білуі керек. Егер ережелер тұрақты болса, көңіл-күй де тұрақты болады. Өз ережелеріңізді ұстаныңыз, сонда шекараларды бақылау оңайырақ болады.

Бала тәрбиелеу оңай процесс емес. Егер балаңызға үнемі ашуланып, айқайлай берсеңіз, бұл сізде созылмалы шаршау бар екенінің айқын көрсеткіші. Сіз шаршағансыз және демала алмайтын күйдесіз. Сізді баланың мінез-құлқы емес, өзіңіз тығырыққа тірелген жағдайлар мен ойларыңыз шаршатады.

Балаңызға сабырлы, түсіністік танытатын, жақсы көретін және қауіпсіздік сезімін беретін ана керек. Балаларға қамқорлық жасай алу үшін алдымен өзіңізге қамқорлық жасау қажет.

Төре СЕЙІТХАН,

ERNUR.KZ

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

БАЛА кезінде МЕЙІРІМ-МАХАББАТ көрмегендерге ортақ 8 белгі