БАЛАҢЫЗДЫҢ ЖАМАН ОРТАМЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР МА: қалай білуге болады?

0
5 274


БАЛАҢЫЗДЫҢ ЖАМАН ОРТАМЕН БАЙЛАНЫСЫ БАР МА: қалай білуге болады?

Бала тәрбиесі, оның болашағы – әр ата-ана үшін өткір әрі күнделікті мәселе. Әсіресе, ұл-қызы жасөспірім жасқа жеткенде әрбір ата-ана күрделі мәселелермен бетпе-бет келеді. Бұрын айтқанды тыңдайтын баланың енді сөзге құлақ асуы қиындайды. Ол аз десеңіз, өз ойын, пікірін айтып қарсыласып бағады. Бір балалар тіпті құшақтауды, махаббатын білдіруді азайтып, дөрекі, салқын, суық жанға айналады. Ата-анасы тарапынан да көрсетілген махаббатты қабылдағысы келмейді не ұялады. Мектептен де «балаңыздың сабақ үлгерімі төмендеп кетті» немесе «тәртібі нашарлады» деген хабар, жиналысқа шақыртулар келуі әбден мүмкін.

Бұл жайдың бәрі әр ата-анаға таныс. Көпшілігі жасөспірімдік кезеңнің сондай өзгерістермен келетінін, оның өтпелі екенін, көп ұзамай басылып, бәрі өз орнына орнығатынын біледі. Алайда, дәл осы уақытта бала жаман ортаға түсіп кетсе, жағдай одан әрі ушығып, қайта орнына келмеуі әбден ықтимал. Сондықтан, ата-аналар «бұл – уақытша кезең, өтеді де кетеді» деп сене тұра, баланың күнделікті әр әрекетін, мінез-құлқын, әсіресе, достарын бақылауда ұстағаны жөн.


ЖАМАН ОРТА – ол қандай орта?

Ең алдымен, кімдерді «жаман орта» деп атауға болады немесе қандай ортадан баланы қорғау керек, соны анықтап алайық. Есіңізде болсын, балаға ешқашан өз пікіріңізді, көзқарасыңызды телімеңіз. Сондай-ақ, өзге біреудің баласының да көзқарасы, ой-танымы сіздікіндей немесе сіз қалағандай болуға тиіс емес. Сондықтан, сізге дүниетанымы, талғамы, қызығушылығы, көзқарасы, пікірі, басқа да қырлары ұнамаған ортаның бәрінен баланы алыстату дұрыс емес. Мәселен, жасөспірім ұлыңыз кью-поп мәдениетіне еліктейтін, сіздің ойыңызша «біртүрлі» киінетін, сырға тағатын не шашын бояйтын ұлдармен достасуы мүмкін. (Олар қазір айрықша танымалдылыққа ие, сәйкесінше, көп ата-ананың жанды жері болып тұр.) Бұл сізге ұнамайды. Алайда, балаңызға не басқаларға ешқандай зияны тиіп жатпаса, оларды жаман ықпалды орта деп атауға келмейді. Тек, бұл – менің баламның таңдауы деп қабылдауыңыз керек. тек шектен шығып, әсіре жанкүйер болып кетпеуіне, еліктеушілікті табынушылыққа, фанатизмге ұластырмауына көмектессеңіз болғаны.

«Жаман орта» деп тек алкогольді ішімдік, темекі тұтынатын, ұрлық жасайтын, басқаларды да сондай әрекеттерге итермелейтін, төбелес-қырқысқа жол беретін, әлімжеттік жасайтын – бір сөзбен айтқанда, осындай зиянды әрекеттерге баратын ортаны атауға болады. Осындай ортамен балйанысқанда ғана дабыл қағуға, мектептен психологтардан көмек сұрауға болады.

Баланың «жаман ортамен» байланысы барын қалай білуге болады? Балаңыздың бойынан, іс-әрекетінен мына 5 белгіні іздеп көріңіз.


  • Достары туралы айтқысы келмей, оларды таныстырудан қашқақтауы

Жеткіншек балаңыздың достарын тануға әрекет жасаңыз. Оларды үйге шақырыңыз. Дәмді ас пісіріп беріп, үйде біраз уақыттарын бірге өткізуді ұсыныңыз. Ортақ істерін, әңгімесін бақылаңыз. Ал балаңыз достарын үйге шақырудан, оларды таныстырудан бас тартса, бұл – секем алуға тұрарлық белгі. Мұндай жағдайда жай ғана достары туралы сұрақтар қою арқылы аз да болсын ақпарат білуге тырысыңыз. «Қайда тұрады? Жасы нешеде? Ата-анасы туралы не білесің? Ол неге қызығады? Бірге болғанда көбіне не туралы сөйлесесіңдер? Қандай іспен айналысасыңдар?» дегендей сауалдарға жасыратын ештеңесі жоқ бала өзі-ақ шешіліп біраз нәрсенің бетін ашады. Ал мұндай сұрақтарға жауап бергісі келмесе, жағдайды өз бетімен жібермей қолға алуды, не істеуге болатынын ойланған дұрыс.


  • Мінез-құлқы жаман жаққа қарай өзгеруі

Жасөспірім балаңыз йге келгенде үстінен алкоголь не темекінің иісі шығып тұрса, беті не үстінде соққының ізі болса, бейәдеп сөздерді қолдана бастаса, бұл – дабыл қағуға тұрарлық жағдай. Әрине, «біреудің ішкен-шеккенінің иісі үстіме сіңіп қалды», «жай ғана тиіп кетті, құлап қалдым», «байқамай қалдым» дегендей жауап еститініңіз анық. Бірақ кез келген ересек ата-ана ештеңенің жайдан-жай болмайтынын естен шығармағаны жөн. Мұндай жағдай бір емес бірнеше рет қайталанса, баланың теріс әдеттері бар, нашар ықпалды ортамен байланысып жүргені анық.


  • Үйден құнды заттар жоғала бастауы

Бір отбасы болған соң, үйде құнды заттардың қайда тратынын ақшаны қайда сақталатынын бала да біледі. Тіпті жасырып қойған күннің өзінде арнайылап іздемесе де, көзіне шалынуы әбден мүмкін. Сондықтан, үйден қандай да бір құнды бұйым не қаражат жоғалса, кінәліні бірден сырттан келіп-кетушілерден іздемеген абзал. Балаңыз көзіңізге қанша періште болып көрінсе де, оның да жасауы мүмкін екенін ескеріңіз. Әрине, бірден баланы кінәлай кетуге де болмайды. Тек оның жүріс-тұрысын, іс-әрекетін бұрынғыдан да мұқият бақылаңыз. Бала – кәнігі ұры емес. Шынында үйден тысқа бірдеңе «тасып» жүрсе, қырағы ата-ана мұны міндетті түрде байқайды. Ал баланың мұндай жаман әдетінің пайда болуына бірден-бір себепкер – жаман орта.


  • Эмоциялық жай-күйінің құбылмалы болуы

Баланың бойында бұрын байқалмаған жағымсыз мінез-құлықтар пайда болса, күліп тұрып жылай салатын, қуанып тұрып ренжи салатын, сәл нәрсеге ашуланып шыға келетін құбылмалылық орын алса, бұл да алаңдауға тұрарлық бір себеп. Мұндай мінез-құлық айсбергтің су бетіндегі көзге көрінетін бөлігі сияқты. Ал су астында жай көзге көрінбейтін үлкен бір бөлігі, ата-анасынан жасырған себебі жатқанын білдіреді. Ол – алғашқы махаббат болуы мүмкін. Немесе сырт келбетіне қатысты комплекс, өзін басқалардан кем сезіну, басқа да себептер көп. Негізгі себептердің тағы бірі – біз сөз етіп отырған жаман орта. Бала жаман ортаның ықпалына шырмалып қалды, олардан қалай құтыларын білмейді, ата-анасына да айта алмайды. Не істерін білмегеннен осындай эмоциялық құбылмалы күйге түседі. Бұл жағдайда атаана ғана емес, психологтың да көмегі қажет болуы мүмкін.


  • Арыз-шағымның көбеюі

Мектептегі ұстаздарынан, сыныптастарының ата-аналарынан, көршілерден немесе көшедегі бейтаныс адамдардан балаңызға қатысты шағым көбейсе, бұл да ойлануға тұрарлық жайт. Әрине, мұнда да бірден баланы кінәлап, оған ұрса жөнелудің жөні жоқ. Алайда, «Неге бұлай болып жатыр? Наразылық неге көбейді? Менің баламда не өзгерді? Нені өзгерту керек? Қалай қалпына келтіре аламын?» дегендей сұрақтар төңірегінде терең ойлану қажет. Жауаптың бір ұшығы жаман ортаға әкеліп тірелуі ғажап емес.


Не істеу керек?

Егер жасөспірім балаңыздың бойынан осындай белгілерді байқасаңыз, оның жаман балалармен араласып жүргенін білсеңіз, дереу ол ортадан ажыратудың амалына кірісу керек. Бұл – оңай шаруа емес. «Неге мұндай балалармен достасасың? Тез арада олармен байланысыңды үз!» деп жүрсе қоя берудің қажеті жоқ.

  • Балаңызды құтқару үшін, ең алдымен, оның ең сенімді адамына айналуыңыз маңызды. Бұған дейін араларыңызда сенімді қарым-қатынас орнатқан, кез келген тақырыпта ашық диалог құру әдетін қалыптастырған болсаңыз, бұл сізге үлкен көмек.
  • Баламен байланысты нығайта түсу үшін әңгімелесуді, сырласуды, бірге уақыт өткізуді бұрынғыдан да көбейтіңіз.
  • Оны жақсы көретініңізді, мақтан тұтатыныңызды, бағалайтыныңызды жиі айтып, іспен де білдіре жүріңіз.
  • Демалыс күндері бірге қыдыруды, баланың сйікті ісімен бірге айналысуды әдетке айналдырыңыздар.
  • Баланың талантын, қабілеттерін ашатын, жаңа білім беріп, жақсы нәрселер үйрететін үйірме, секцияларға жазыңыз. Өз мүмкіндіктерін, артықшылықтарын өзіне де, өзгелерге де дәлелдей алатынына сендіріп, осы жолда жұмыстануына итермелеңіз.
  • Жетістіктері, жаңа нәрсе үйренгені үшін мақтаңыз.
  • Баланың алдында айыпты боп қалсаңыз, кішірейіп, кешірім сұраңыз.
  • Бірдеңе айтқысы келгенін байқасаңыз, міндетті түрде уақыт бөліп тыңдаңыз. Мәселелерін құнсыздандырмаңыз, өз басыңызға түскендей қабылдап, түсінуге, дұрыс ақыл-кеңес беруге тырысыңыз.
  • Балаға білдірмей, оның «жаман ортадағы» достарымен байланысуына, кездесуіне барынша кедергі жасаңыз. Оның орнына одан да қызықты уақыт өткізу тәсілдерін ұсынуға болады. Тек бұл әрекетіңіз қатаң тыйым салуларға, ұрысқа ұласпасын. Әйтпесе, әсері керісінше болады.

Жасөспірім кезеңге жеткен бала бір қарағанда есейіп, ата-ананың жауапкершілігінен шығуына аз қалғандай көрінеді. Бірақ, нақты кәмелет жасқа толып, өз іс-әрекеттеріне жауап бере алатын жағдайға жеткенін ісімен дәлелдемейінше, оны өз еркімен жіберуге асықпаңыз. Өйткені, жасөспірімдік кезең – бала тәрбиесіндегі ең маңызды кезеңдердің бірі.

ДАЙЫНДАҒАН: А. МЕЙІРХАНҚЫЗЫ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Айна ДОСМАХАМБЕТҚЫЗЫ, «Minus18»: «Бұл қосымшаны ересектер көбірек қолданатынын басынан-ақ білдім»