​Айна ДОСМАХАМБЕТҚЫЗЫ, «Minus18»: «Бұл қосымшаны ересектер көбірек қолданатынын басынан-ақ білдім»

0
3 895

"Бізде ата-аналардың көбі балаларына жыныстық тәрбие жүргізбейді"


​Айна ДОСМАХАМБЕТҚЫЗЫ, «Minus18»: «Бұл қосымшаны ересектер көбірек қолданатынын басынан-ақ білдім»

Айна Досмахамбетқызы - блогер, SMM маманы, «Ажыраспа» блогының, «Өзгеру керек» подкастының авторы және үш баланың анасы. Жақында ғана қазақтілді қоғамға жол тартқан, ата-аналар мен жасөспірімдер үшін өте пайдалы ақпаратқа толы алаң – «Minus18» мобильдік қосымшасының жобалаушысы. Бүгінгі сұқбатымыз да осы мобильдік қосымша төңірегінде өрбімек.


Бұл жоба түлектердің гранттық бағдарламасы және АҚШ Мемлекеттік департаментінің алмасу бағдарламалары түлектерінің Ұлттық қауымдастығы аясында Америка Құрама Штаттарының дипломатиялық миссиясының қаржылық қолдауымен құрылды. «Қатысушының аты» жобасы тәуелсіз пікірге ие және Америка Құрама Штаттары мен АҚШ үкіметінің дипломатиялық миссиясының көзқарастары мен ұстанымдарына сәйкес келмеуі мүмкін.


- Айна ханым, әңгімемізді «Minus18» мобильдік қосымшасынан бастасақ. Әлі кеңінен тарап үлгермегендіктен, көпшілік оқырмандар онымен таныс болмауы мүмкін. Сондықтан, қосымшаның мақсаты, мазмұны, қолданушыларға берері жайлы толығырақ айтып өтсеңіз.

- Қосымшаның мақсаты – 18-ге толмаған жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығын арттыру. Оларды толғандырған кез келген сұрақ бойынша толыққанды әрі сенімді мамандардың жауабын ала алуы басты назарда. Өйткені, байқағанымдай, жас жеткіншектер арасында әр жерден оқып, естіп алған, бір-біріне сыбырлап айтып жүрген түрлі мифтер көп екен. Олар жастарды шатастырады әрі жаза басуға итермелейді. Және, бәріміз білетіндей, бізде ата-аналардың көбі балаларына жыныстық тәрбие жүргізбейді. Бұл тақырыпта ашық диалог құра алмайды. Яғни, көп отбасында бала мен ата-ана арасында сенімге құрылған қарым-қатынас орнамаған. Қосымшаны жасап бастаған кезде-ақ қолданушылардың басым көпшілігі жасөспірімдер емес, ересек адамдар болатынын да білдім. Қазір бұл гипотеза шынымен де дәлелденіп отыр. Сондықтан, үлкендер аудиториясын қамтуды да ойластырдым. Бұл бір жағынан дұрыс та деп ойлаймын. Өйткені, жыныстық тәрбиені сырттағы үшінші тұлға емес, әрбір қызға анасы, ұлға әкесі беруі керек деген ойдамын.

Осының бәрін қамти келе, қазақ тілінде дұрыс, тексерілген ақпараттарды жинақтадық. Жыныстық тәрбие деген бұл тек төсек қатынасы туралы ғана емес, ол дене мүшелері, жыныстық даму, өтпелі кезеңде болатын өзгерістер, гигиена, дене шекарасы, бала қалай пайда болатыны туралы сұрақтарға қалай жауап беру керек, педофилиядан қорғану, жыныстық жолдармен берілетін аурулар, осындай маңызды тақырыптардың бәрін қамтуға тырыстық. Қосымшада тест, пайдалы ақпарат, мамандармен чат және подкастар бар.

- Мұндай жоба жасап шығару идеясына не түрткі болды?

- 2018 жылдары БҰҰ түрлі қорларымен жұмыс жасаудың орайы келді. Түркістан, Шымкент, Астана қалаларында өткен түрлі отырыстар, кездесулерге қатыстым. Бірінде модератор болдым, бірінде спикер болдым. Сол кездерде жасөспірімдер арасындағы суицид, жыныстық сауатсыздық мәселелерінің өте өткір екенін білдім. Проблемаға жақын, тіпті бетпе-бет келгендей болдым. Жыныстық қатынасқа білместікпен ерте түсіп қойған, қорғана алмаудың салдарынан педофилдің құрбанына айналған, бала алдыртып, денсаулығынан айрылған, сәбиін дүниеге әкеліп, кейін тастап кетуге мәжбүр болған жасөспірімдердің жағдайы жүректі ауыртпауы мүмкін емес. Айналып келгенде, мұның бәрінің түбірінде жыныстық тәрбиенің дұрыс берілмеуі, жыныстық сауатсыздық себеп боп тұрғаны анық еді. Өкінішке орай, ата-аналардың көбісі бұл жағына келгенде өте әлсіз. Біреулері балаға оны білудің қажеті жоқ деп санайды, біреулері ұялады, енді біреулері қалай түсіндіруді білмейді. Өйткені, өздерінде жыныстық тәрбие қалай берілу керегі жөнінде білім аз. Сол кезде осы жыныстық сауаттылыққа қатысты ата-анаға да, балаға да пайдалы болатын ақпарат көзі керек деген ойға келгенмін. Бірақ ол кезде нақты қандай форматта, қандай алаңда болатыны ойластырылмаған, шикі ой болып қала берді.

2019-2020 жылдары Technovation деген конкурста екі команданың менторы болдым. Technovation – бұл тек қана қыздар қатысатын бүкіләлемдік конкурс. Шарты бойынша, қатысушы топтар қандай да бір әлеуметтік проблеманы көтеріп, сол бойынша мобильдік қосымша жасауы керек болды. Менің менторлығымдағы кіші девизияда болған қыздар осы жасөспірімдердің жыныстық сауаттылығы мәселесін таңдады. Сол бойынша мобильдік қосымшаның прототипі жасалды. Өкінішке орай, бұл жоба конкурста жоғары бағаланған жоқ, сондықтан олар финалға өтпеді. Бірақ мен үшін бұл өте жақсы идея болды, соңына дейін жетізіп, толыққанды қосысша жасап шығарам деген шешімге келдім. «Minus18» қосымшасы осылай дүниеге келді.


- Бұған дейін сіздің желідегі парақшаларыңызда да, қоғамдық қызметіңізде болсын балалардың жыныстық тәрбиесіне қатысты істерде белсенділік байқалмайды. Жалпы, бала тәрбиесінің бұл бағытында қаншалықты біліміңіз не атқарған жұмысыңыз, жинаған тәжірибеңіз бар?

- Дұрыс айтасыз, мен бұл саланың маманы емеспін. Эксперттік білімім де жоқ. Сондықтан, қосымшада, әлеуметтік желідегі парақшаларда жасалатын барлық контентті арнайы мамандар дайындайды. Сұрақтарға медицина қызметкерлері, гинеколог, басқа да білікті мамандар жауап береді. Мен – қосымшаны жасаушы, инициатор ғанамын.

- Жеке өмірге қарай ойыссақ. Өзіңіздің балаларыңыз жайлы айта кетсеңіз. Олармен жыныстық тәрбиені қалай жүргізудесіз?

-Менің үш балам бар. Үлкенім – 14 жастағы қыз бала, ортаншым – ұл, 12 жаста және кішісі – 9 жасар қыз. Үлкен қызыма жыныстық тәрбие туралы 10-11 жасынан бастап айттым. Етеккір туралы, тазалық, дене шекарасы туралы жаймен түсіндіре бастадым. Оған дейін де кішкентай кездерінде «Бала қайдан пайда болады?» деген сияқты сұрақтарына ешқашан «капустадан, аузымнан түсіп қалдың» дегендей өтірік жауап берген емеспін. Ұлыммен де, қызыммен де бұл туралы ашық диалог құра аламыз. Ашық сөйлесу дегенде айта кететін нәрсе, бұл 12 жастағы балаға бірден 18 жасқа дейінгі берілу керек ақпараттың бәрін жайып салу емес. Тек қана оған дәл қазіргі өз жасына сай, лайық мәліметті ғана дұрыс жеткізу.


- Соңғы уақыттағы бала тәрбиесіне қатысты тағы бір даулы тақырып – баланы ұрып тәрбиелеу. Екі тарап бар: бірі балаға мүлде саусақ ұшын тигізуге болмайтынын, ата-ана тарапынан үлкен сабырлық керегін, түсіндіру әдісімен-ақ нәтижеге жетуге болатынын айтса, екінші тарап «бізді де кезінде ұрды, өлмедік, қайта адам болдық» дейтіндер. Бұл жағы сіздің отбасыда қалай, сіз қай тараптасыз?

- Мен өз балаларымды ешқашан ұрып тәрбиелеген жоқпын, болашақта да ұрмайтыныма сенімдімін. Иә, кез келген ата-ана сияқты дауыс көтеруім мүмкін, қатты сөйлеуім мүмкін. Бірақ, қол көтеру – ешқашан! Тіпті, жұлқылау, итеріп жіберу деген сияқты физикалық күшке жүгіну деген атымен жоқ. Кез келген мәселе баламен де, ересек адаммен де сөзбен шешіледі.


- Керемет! Қазақта ықылым заманнан ұл мен қыз баланың тәрбиесін екі бағытқа бөліп қарастырған. Ұл баланы түздің адамы деп мейлінше еркін ұстаса, қызды үйдің адамы деп тысқа көп шығармаған, тыйым көбірек болған дегендей. Қазіргі кезде көп ата-ана мұны актуалды санамайды. Сіздерде қалай, ұл мен қызға теңдей қарап, бірдей тәрбие бересіз бе әлде қызыңызға ер адамнан бір саты төмен тұруды, кей кездері үндемей келісе салуды, жеңіліп тұрып жеңуді үйретесіз бе?

- Жалпы, ер болсын, әйел болсын, адам ретінде құқықтары бірдей. Бірақ, ер мен әйелдің орны бірдей, олар бір-бірінің орнын баса алады дегенмен келіспеймін. Бұл ретте ең бірінші кезекте адамды адам етіп тәрбиелеу маңызды. Себебі қазіргі біздің қоғамда, өкінішке орай, екі жынысқа да ортақ қарапайым адамгершілік, мейірімділік, адалдық, шыншылдық, өз жасаған іс-әрекетіне жауапкершілік арқалау дегендей нәрселер жоғалып бара жатыр. Бұлар – ер мен әйел былай тұрсын, тіпті ұлтқа да, нәсілге де бөлінбейтін, әркімнің бойында болуы керек базалық қасиеттер. Бірінші кезекте осыларды үйретемін. Содан кейін барып ұлға ұл екенін, қызға қыз екенін ұқтыру керек деген ойдамын. Бірақ, тамақ жасау, тазалық тек қыздың шаруасы, ұлдар асханаға кірмеуі керек дегендей ұстанымдар жоқ. Өйткені, ұлым сыртқа шыққанда өз жағдайын өзі жасай алуы, өзіне-өзі қызмет ете алуы керек.

Әйел адам еркектен бір саты төмен тұруы керек дегенді де акцент қойып айтпаймын. Бірақ қыздарымның діни тәрбиеден хабары бар. «Дінде қалай болуы керек? Неліктен олай болуы керек?» деген сұрақтардың жауабын бірге іздейміз, талқылаймыз. Жалпы, ислам дінінде әйел адамның дәрежесі өте жоғары. Бірақ, біз жүз пайыз исламдық қоғамда тұрып жатпағандықтан, ертеңгі күні оларға қандай адамның жолығатынын білмеймін ғой. Әрине, мен болашақ жарды қалай таңдау керегі жөнінде де бар білгенімді айтамын, бөлісемін. Бірақ, теория жүзінде бәрін біле тұра, практикада жүз пайыз дұрыс таңдау жасау кепілдігі ешкімде жоқ. Кімнің тағдыры қалай болатыны бір Аллаға ғана аян. Сондықтан қыздарымды барлық жағдайға дайын, ер-азаматтың аузына қарап, оған ғана арқа сүйеп отырмайтындай, өзін төмен санап, бәріне көніп жре бермейтіндей, қажеттілік туса өз күнін өзі көріп кете алатындай етіп тәрбиелеуді басты назарға қоямын.


Сұқбаттасқан: А.Мейірханқызы

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Кейде БАЛАНЫҢ КӨЗІНШЕ ҰРЫСҚАН да "ПАЙДАЛЫ"