Әйелдер арасындағы достықтың отбасына әсері қандай?
«Отбасылы әйелге құрбы не керек?» деген күңкілді жиі естиміз. Көбіне күйеуден. Кейде енеден... «Анда-санда сыр бөлісіп тұратын құрбың болғанның несі жаман?» – ашық қарсы шыға алмасақ та, осылай деп өз наразылығымызды білдіреміз. Шынында жаман болуы мүмкін, егер құрбы мен отбасы арасындағы шекараны білмесеңіз... Нәзік жандылардың арасындағы осы бір нәзік байланыстың отбасына әсері маңызды болмаса, бұл жайды біз қозғамас едік.
Дәмді болса – достық қымбат
Өмірдің сан қилы соқпағында жанынан табылып, жан сарайын ақтаратын құрбы отбасылы әйелге неге қажет болмасын?! Қажет, әрине! Психологтар кей отбасылардың ойрандалуына дәл осы әйелдің құрбыларымен араласпауы себеп болып жататынын айтады. Өйткені, қажет кезінде ақылын айтып, қолдау білдіретін, күйеуіңе айтпауға тиісті әңгіме ішіңе сыймай бара жатқанда ақтарып салатын сенімді құрбы керек қой. Сонда еріміздің миын артық сөзбен ашытпаймыз, «көп сөйлейсің» деген сөз де естімейміз.
Құрбы және отбасы
Жаныңды тек жақын құрбың ғана түсінетін, сол себептен оны іздейтін сәттер болады. Сондықтан, қадіріне жете біліп, онымен араңызды алшақтатып алмаған жөн.
Ал, егер отағасы құрбыңызбен қарым-қатынасыңыздың үзілгенін қалап тұрса, онда жақсылап ойлануға тура келеді. Мұндайда, қарсы келмей-ақ, дос-жаранды жолдасыңыздың араласатын ортасынан іздеуге болады. Күйеуіңіздің жолдастарының келіншектері, қайынсіңлілер қауымы, абысындарыңыз, тағысын тағылар. Арасынан сіздің көңіліңізге жағатын, сеніміңізден шығатын бір құрбы табылатын шығар. Себебі, құрбыңыз қаншалықты жақын болса да, отбасыңызға оның зияны тимегені жөн.
Тек, еріңізге ол болмаса басқа бір құрбыңыздың болатынын жаймен ескертіп қойғаныңыз жөн. Кімді таңдасаңыз да, күйеудің келісіміне құлақ түрген дұрыс.
Шынайы құрбы деген сіз үшін кім?
Күйеуіңізбен ренжісіп қалғанда сізді жақтап, оны даттайтын құрбы сізге керек пе? Жоқ. Шынайы құрбы – «Ол еркек қой. Сен одан бірер саты төмен тұруға тиіссің. Табиғат заңы солай. Одан кешірім сұра» деп кеңес беретін жан.
Нағыз құрбы – енеңізді сізбен қосылып сөге жамандайтын сыбайлас емес, нағыз құрбы – «Ене болған соң сондай болады. Сен де бір күні ене боласың. Ол қандай болса да, жасын сыйла, аналық қақын сыйла» деп ақыл қосатын құрдас.
Жан құрбы – сізді ғана тыңдап, өзі жайлы жасыратын «бейтаныс» емес, жан құрбы – өз жайын да жайып салатын ақкөңіл.
Адал дос – сізбен ешуақытта ренжіспейтін құрбы емес, ренжісіп қалғаннан кейін қайта түсінісе алатын құрбы.
Құрбыға да айтуға болмайтын құпиялар бар
Жоғарыдағы барлық талаптардың үдесінен шыға алатын жан құрбыңыз болса, біреу-ақ болады. Ал әңгіме-дүкен құрып, пікір алмасатын жалпы дос-жаран көп. Сондықтан, «құрбым ғой» деп кім көрінгенге барыңызды айтып, жаныңызды жалаңаштаудан абай болыңыз.
Бірнеше адамнан тұратын құрбылар арасында мына нәрселерді тілге тиек етуші болмаңыз:
- Күйеуіңізбен араңыздағы жақын қарым-қатынас (мәселелер де, мақтануға тұрарлық жайттар да тек екеуіңізге ғана қатысты)
- Күйеуіңіздің кемшіліктері
- Жұбайыңыздың жалақысы, отбасылық қаржы жайы
- Енеңізбен ара-қатынас
- Үйдегі ұрыс-керіс, түсініспеушіліктер
- Жақын арада сатып алған немесе сатып алуға жоспарлаған сәнді не бағалы бұйым
- Қызметтегі жеткен жетістіктеріңіз
- Күйеуіңіздің туыстары, жора-жолдастары жайлы
Қорыта келе айтарымыз, құрбыңыздың қадірін біліңіз, достықты бағалаңыз. Жақын досыңыздан қаншалықты алыстағаныңызды жанашыр тыңдарман таппай, жалғыздықтан жабыққанда ғана білетін боласыз. Себебі, ішіңізде анаңызға айта алмайтын, енеңізге естірте алмайтын, жолдасыңызға жария ете алмайтын, балаларыңызбен бөлісе алмайтын сырларыңыз да болып тұрады. Сондайда әйелдер қауымының қайсысы болса да тыңдауға, сезімдеріңізге контейнер болуға, ақыл-кеңесін беруге дайын. Тек кейде тіпті жақын құрбыға да ашылмайтын шын, айтылмайтын сыр болатынын ескерін, дер кезінде тоқтай біліңіз.
Дөңгеленген дүние Құрбы мен Отбасы екеуін екі бөлек ұстау қажеттігін күнделікті өмірде дәлелдеп жүр емес пе?
Дайындаған: А.Мейірханқызы,