​«СЕНДЕР ӨМІРІМДІ ҚҰРТТЫҢДАР»: баланың ренішіне ата-ана қалай жауап бергені жөн?

0
132

Реніштің артында не жатуы мүмкін?


​«СЕНДЕР ӨМІРІМДІ ҚҰРТТЫҢДАР»: баланың ренішіне ата-ана қалай жауап бергені жөн?

сурет: ЖИ

Кейде балалар есейіп, жасөспірімдік кезеңге жеткенде немесе тіпті ересек болған соң ата-анасына көп жыл бойы іште жүрген өкпесін айтады.

  • «Сендер сол кезде рұқсат бермегенсіңдер»
  • «Өзім қалаған оқуға түсірмедіңдер»
  • «Менің кіммен араласатынымды өздерің шештіңдер»
  • «Сендер мені ешқашан тыңдамадыңдар»
  • «Менің не қалайтыным сендерге қызық болған жоқ»
  • «Бәрін өздерің шештіңдер»
  • «Егер сол кезде мені қолдағандарыңда, қазір өмірім мүлде басқаша болар еді»
  • «Сендер менің өмірімді құрттыңдар»

Мұндай сөздерді естіген ата-ананың жүрегі ауырады. Өйткені олар перзентіне жамандық ойлап емес, керісінше, жақсы болсын деген ниетпен шешім қабылдаған. Сол себепті алғашқы реакция көбіне қорғану мен өкпе аралас болады: «Біз сендерге өмірімізді арнадық. Ешкімнен кем болмасын деп барымызды салып еңбектендік. Сондағы айтқан рақметтерің осы ма? Біз ата-ана болған соң, сен үшін дұрыс деп санаған шешімді қабылдадық. Енді бәріне бізді кінәлайсың ба? Қазір кімнен кемсің? Жап-жақсы-ақ жүрсің ғой...»

Алайда дәл осы жерде маңызды бір нәрсені түсіну керек: баланың ренішін тыңдау – оның барлық айтқанымен келісу керек немесе теріске шығарып, дұрыс емес екенін дәлелдеу қажет деген сөз емес.


Алдымен оның сезімін есту керек. Содан кейін ғана оқиғаның өзіне, жауапкершілікке және бүгінгі шешімдерге көшуге болады.


Психологтар жасөспірімдік кезеңде ата-анамен келіспеушіліктің артуын баланың дербестікке ұмтылуымен байланыстырады. Бұл міндетті түрде ата-анадан безіну немесе тәрбиенің сәтсіздігі дегенді білдірмейді. Бала ата-анасымен қарым-қатынастың жаңа түрін қалыптастырып, «Мен кіммін және өз өмірімді қалай құра аламын?» деген сұрақтарға жауап іздей бастайды.


Реніштің артында не жатуы мүмкін?

Кейде «Сендер менің өмірімді құрттыңдар» деген сөйлемнің астарында дәл осы емес, мүлде басқа мағына болуы мүмкін. Бала шын мәнінде: «Менің таңдауымды сол кезде ешкім естімеді. Менің пікірім маңызды болғанын қаладым. Қорыққандықтан қарсы шыға алмадым. Ренжігенімді айта алмадым. Менің орныма шешім қабылданғанына әлі де қиналамын. Мен сендерден түсіністік күттім» деген сөздерді жеткізгісі келетін болуы мүмкін.

Сондықтан ата-ана сөздің сыртқы қаттылығына ғана емес, оның астындағы қажеттілікке де назар аударғаны жөн. Зейінмен тыңдау, оның көзқарасын түсінуге тырысу және бірден бәрін түзетуге ұмтылмау ата-ана мен бала арасындағы сенімді күшейтеді.


БАЛА: «Сендер сол кезде рұқсат бермегенсіңдер»

Ата-ананың сәтсіз жауабы: «Әрине, жібермейміз! Біз сенің қауіпсіздігіңді ойладық. Біз ата-ана болған соң сенің не істейтініңді өзіміз шешеміз».

Жақсырақ жауап: «Иә, біз сол кезде саған рұқсат бермедік, өйткені қауіпсіздігіңе алаңдадық. Бірақ қазір сенің сол шешімге қатты ренжігеніңді түсініп отырмын. Мүмкін, сол кезде саған неге болмайтынын түсіндірудің орнына жай ғана «жоқ» деп қоя салған шығармыз. Егер сол жағдайды қазір қайта қарасақ, сенің пікіріңді көбірек тыңдар едік».

Бұл жерде ата-ана өз ұстанымынан бас тартпайды. Бірақ баланың сезімін де жоққа шығармайды.


БАЛА: «Өзім қалаған оқуға түсірмедіңдер»

Ата-ананың бірінші ойы: «Біз сенің болашағыңды ойладық! Қазір соның нанын жеп, жақсы өмір сүріп жүрсің».

Жақсырақ жауап: «Біз ол кезде өзімізше дұрыс шешім қабылдадық деп ойладық. Саған тұрақты, қауіпсіз мамандық керек деп есептедік. Бірақ қазір сенің сол шешімді өз өміріңе жасалған қысым ретінде қабылдағаныңды түсіндім. Сенің сол кездегі қалауыңды жеткілікті дәрежеде тыңдамаған болсақ, бұл үшін кешірім сұраймын».


БАЛА: «Сендер менің өмірімді құрттыңдар»

Бұл ата-ананың жүрегіне ең қатты тиетін айыптау. Оған дәл сол деңгейдегі эмоциямен жауап беру оңай: «Олай сөйлеуге қалай аузың барады?! Біз сен үшін өмірімізді арнадық! Сенің өміріңді кім құртты? Өз таңдауларың үшін бізді кінәлама!» Бірақ мұндай жауап дау-дамайды күшейтуі мүмкін.

Жақсырақ жауап: «Бұл сөзіңді есту маған өте ауыр. Бірақ мен сені ұрысу үшін емес, түсіну үшін тыңдағым келеді. «Өмірімді құрттыңдар» дегенде нақты қай жағдайларды айтып тұрғаныңды түсіндірші. Қай шешіміміз саған әлі күнге дейін ауыр тиеді?» деп сұрауға болады.

Бұл өте маңызды айырмашылық. «Сен дұрыс айтпай тұрсың» деудің орнына «Сенің бұл ойға не себепті келгеніңді түсінгім келеді» деу. Бала өзінің ренішін нақты оқиғалар арқылы түсіндіре бастағанда, әңгіме айқайдан диалогқа айналады.


БАЛА: «Сендер мені ешқашан тыңдамадыңдар»

Бұл жерде ата-ана өзін ақтауға асықпағаны жөн. «Қалай тыңдамадық? Қанша рет сөйлестік!» деудің орнына: «Сенің есіңде біз сені тыңдамаған жағдайлар бар екен. Соларды айтып берші. Мен өзімді ақтамай, алдымен сенің көзқарасыңды тыңдап көрейін» деп айтуға болады.

Кейде ата-ана баласының сөзін физикалық тұрғыдан естігенімен, оның қалауын шын мәнінде талқыламаған болуы мүмкін. «Не жетпей жатыр?! Не керек?! Арманың не, айт?!» деген бір бөлек. «Сенің қалауыңды түсініп, онымен санасып, бірге шешім қабылдауға тырысамыз» деу – бір бөлек.


Ата-ананың қателескенін мойындауы беделінен айырылу емес. Кейбір ата-аналар: «Егер кешірім сұрасам, балам мені әлсіз деп ойлайды» деп қорқады. Шын мәнінде, ата-ананың: «Осы жерде мен қателестім» деп айта алуы әлсіздік емес.



Ата-ана кінәні мойнына алуы керек пе?

Жоқ. Баланың сезімін мойындау мен оның барлық қорытындысымен келісу – екі түрлі нәрсе. Мысалы: «Сен сол кезде қатты қиналғаныңды түсіндім» деуге болады. Бірақ: «Иә, сені сол кезде қатты қинап, өміріңді құрттық» деп айту міндетті емес. Оның орнына: «Сенің сол жағдайды осылай қабылдағаныңды түсіндім. Бірақ «өмірімді құрттыңдар» деген ойыңмен толық келісе алмаймын. Өміріңде біздің ықпалымыз болғаны рас. Бірақ бүгінгі өміріңнің барлық жауапкершілігі бізде емес. Сенің өз таңдауларың да бар».

Бұл жерде ата-ана баланың сезімін қабылдайды, бірақ оның бүкіл өміріне жауапкершілікті өз мойнына алмайды. Бұл өте маңызды шекара.


Ата-ана не істемеуі керек?

Бала ренішін айтқанда мына реакциялар әңгімені одан әрі қиындатуы мүмкін: «Біз сен үшін қанша нәрсе жасадық! Сен бәрін ұмытып кеткен екенсің. Қайта сен бізге қарыздарсың. Бәріне өзің кінәлісің. Біз болмасақ, сен ешкім емес едің. Сен әлі де бала сияқты ойлайсың. Өткенді қазбалаудың қажеті жоқ. Қой, сен шатасып тұрған шығарсың, ондай болған жоқ. Әке-шешең болған соң, дұрыс-бұрысын біз білеміз».


Ең пайдалы төрт қадам

Бала ауыр сөз айтқанда ата-ана мына төрт қадамды есте ұстай алады.

  • Бірінші – тоқтау. Бірден ақталмау. Бірден қарсы шабуыл жасамау.
  • Екінші – сезімді мойындау. «Сенің бұл жағдайға қатты ренжігеніңді көріп тұрмын».
  • Үшінші – нақтылау. «Саған ең ауыр тиген нәрсе не болды? Қай шешіміміз туралы айтып тұрсың? Сол кезде менен не күттің?»
  • Төртінші – бүгінге оралу. «Өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ бүгін сенің өміріңде нені өзгерте аламыз?»

Осы төрт қадам ата-ананы «Кім кінәлі?» деген даудан «Енді не істей аламыз?» деген әңгімеге алып келеді. Кейде балаға ақыл емес, жай ғана ата-анасының мойындауы керек.

Ең бастысы «жеңу» емес, қарым-қатынасты сақтау. Ата-ана мен бала арасындағы мұндай әңгімеде жеңімпаз болмайды. Екі жақтың да «Сол кезде біз әртүрлі нәрсені бастан өткердік. Енді өткенді өзгерте алмаймыз. Бірақ бүгін бір-бірімізді жақсырақ түсіне аламыз» деген нүктеге келе алуы – ең жақсы нәтиже.

Ата-ана баласына мінсіз өмір сыйлай алмайды. Ешбір ата-ана барлық шешімді дұрыс қабылдамайды. Кейде олар қорқынышпен шешім қабылдайды, кейде өз тәжірибесіне сүйенеді, кейде баласының қалауын жеткілікті дәрежеде тыңдамайды. Бірақ ата-ананың ең үлкен мүмкіндігі – өткендегі қатені бүгінгі қарым-қатынаста қайталамау. Ал баланың ең үлкен мүмкіндігі – өткендегі ренішін мойындап, болашақ өмірінің тізгінін біртіндеп өз қолына алу.

Х. ОРАЛ,

ERNUR.KZ


ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ:

Балаға жиі АЙҚАЙЛАЙТЫН АНА өзіне осы 3 СҰРАҚТЫ қойсын!