​Жиі ҚҰШАҚТАСАТЫН ерлі-зайыптылар АЖЫРАСПАЙДЫ

0
6 973

Бақытты, үйлесімді отбасы тек қана фильмдерде ғана емес, өмірде де кездеседі. Тек ол үшін аз ғана сабырлық пен шыдам және нақты қадам қажет.


​Жиі ҚҰШАҚТАСАТЫН ерлі-зайыптылар АЖЫРАСПАЙДЫ

Бүгінде ажырасуға ешкім де оғаш қарамайды. Небір себеп-сылтаулармен айырылысып кеткен жандар қатары көбейіп, ал бақытты отбасының негізін қалайтындар азайған. Отбасында жайлылық, бақыт орнағандар осы бақытты некені ұзақ сақтау үшін, екеуі бірдей күнделікті белгілі бір іс-әрекет жасап, жұмыс істейді. Егер бақытты жұптардың осы істерін өзгелер өзіне үлгі етсе, онда ажырасудың аз-ақ алдында тұрған, некелеріне сызат түсе бастаған жандардың қарым-қатынасы жақсарып, оң жаққа бет бұратыны анық. Ендеше, бақытты отбасылардың негізгі әдеттерін ұсынамыз.


Жұбайыңызға махаббатпен қарауға тырысыңыз

Егер жолдасыңыздың тек кемшілігін ғана теріп отыратын болсаңыз, онда сіз оның ешқандай жақсы тұстарын көре алмайсыз, үнемі алдыңыздан тек кемшілігі шығады. Ал адамның тек кемшілігін, жаман жақтарын ғана көру - бұл адамды ашуландырып, арадағы сыйластық пен махаббаттың жойылуына алып келеді. Бұл бұрыннан дәлелденген дүние. Алайда сіз қалай назарды жолдасыңыздың жақсы қасиеттерін көруге бағыттасаңыз, онда оның бойында бұрын өзіңіз байқамаған түрлі жақсылықтардың бар екеніне көз жеткізе бастайсыз. Ал бақытты отбасының иелері мұны біледі, сондықтан өз серігінен, оның істеген әрбір ісінен жақсы нәрсе көруге, махаббатпен қарауға тырысады. Және де мына өмірде ешкімнің де мінсіз емес екенін еске алып тұрған жөн, кемшілік барлығымызда да бар.


Бір-бірлеріңізге жиі жақындап, жиі құшақтап тұруға ұмтылыңыз

Қарым-қатынас қыз-жігіт болып жаңа басталғанда ғашық жандар бір-бірінің қасынан алыстай алмай жүреді. Жиі құшақтасу, жиі қол ұстасып қыдыру... Ал отбасы құрып, үйленген соң мұндай әрекеттер азаяды. Алайда, жолдасыңызды жиі құшақтап тұруға көп те уақыт кетпейтінін байқай аласыз. Сондай-ақ үйден шыққанда бетінен сүйіп, жылы жымиып қою да көп уақытыңызды алмайды. Мұндай ұсақ-түйек дүниелер адамның көңіл күйін көтеріп тастайды. Ал құшақтау кезінде адамда окцитоцин, яғни махаббат гормоны бөлінетіні баршамызға аян. Сондықтан бір-бірін құшақтап сүюге уақыт табатын жұбайлардың шаңырағы берік болады.


Жақсы көретініңізді жиі айтып тұру керек

Әрине отбасының беріктігі, жайлылығы тек махаббат, жақсы көретініңіз туралы сөздерден ғана құралмайтыны белгілі, оның іспен дәлелденгені дұрыс. Бірақ сөздің де құдіреті барын жоққа шығаруға болмас. Үй болғанға дейін бір-біріне неше түрлі махаббатқа толы сөздерін аямайтын жандардың, кейін бірге болған соң бұл сөздері азайып, тіпті соңғы рет өз жарына қашан«сені сондай жақсы көрем» деп айтқаны да есінде қалмайды. Ал мұндай сөздерді жиі қайталап айтып тұру арадағы махаббаттың, сыйластық пен құрметтің арта түсуіне ықпал етеді.


Бірге тамақтану

Мұндай болмашы секілді көрінетін дүние, ерлі-зайыпты жандарды қатты жақындатуы мүмкін. Бұрындары аналарымыз әкеміз келмейінше тамақтануды бастамайтын болған, мінетті түрде отағасын күтіп, дастархан басында шүйіркелесіп отырған. Ал қазір мұндай жағдайды жиі кездестіре бермейтініміз анық. Бұған түрлі сылтау көп: Балалар кеш тамақтанбауы керек, кешкі алтыдан кейін тамақ ішпей ем-дәм ұстану, т.б толып жатқан дүниелер. Алайда тіпті ем-дәм ұстанып, балаларды тамақтандырып қойған болсаңыз да жолдасыңыз келгенде бірге отырып, шәйін құйып, жағдайын сұрап, күннің қалай өткенін әңгімелеп отыру ара-қатынасты нығайта түсетіні анық. Жалғыз отырған адамға тамақ та дұрыс сіңбейді, тәбеті қашып, ашуы шыға бастайды, ақыры болмашы нәрседен ұрыс шығуы мүмкін. Сондықтан мүмкіндік болса үнемі бірге тамақтануға тырысу керек.

Уақытты бірге және бөлек-бөлек өткізу

Жолдасыңызбен бірге өткізетін уақыт пен бөлек жүруде тепе-теңдік ұстай білген маңызды. Ерлі-зайыпты жандардың жеке-жеке өз кеңістігі болғаны дұрыс және олар бір-бірінің дербестігін бағалауы керек. Мысалы кейде ерлі-зайыптылар бірге бармайтын жерлер кездеседі. Сондайда «менсіз ешқайда бармайсың» деген қағидаға қатып қалмай, достарымен, құрбыларымен, әріптестерімен жолығуға рұқсат берген дұрыс. Ал кейде бірге бару керек жерге «өзің кете берші» деп жалғыз жібермеген жөн. Егер отбасында уақытқа қатысты тепе-теңдік сақталса, демек сіз жайлы, бақытты өмір сүріп жүрсіз.


Көбірек әңгіме айтып, сөйлесіп тұрған дұрыс

Табиғат көбіне бір-біріне қарама қайшы жандарды қосып жатады. Яғни ерлі-зайыптылардың бірі бар ашу-ренішін ішіне жинайтын үндемес болса, екіншісі тіптен ашық, ойын ірікпей тіке айта алатын жан болады. Адам адамның ойын, оның миында не болып жатқанын оқи алмайды. Сондықтан көп жағдайда іштегіні айтпай үнсіз қалу дұрыс емес. Үйлесімде, бақытта өмір сүретін отбасындағы жандар бір-біріне жұмбақ болмайды, ойымдағыны тап деп үнсіздікте қалмайды. Олар бір-біріне мәселелерін айтады, соны бірге шешуге тырысады.


Үйдің жұмыстарын бірге атқару

Енді бұл жерде әйел ыдыс жуса, ер азамат шайып тұрсын деген жағдай емес. Әркім өз мүмкіндігіне қарай әрекет етсе, онда отбасында түсінік те, жайлылық та бақыт та орнайды. Мысалы: кешке жұмыстан бірге қайттыңыздар, үй жұмысына жалғыз үлгеру мүмкін емес. Сондайда мен «еркекпін» деп, әйелдердің тірлігіне араласпаймын деп шет қалу да дұрыс емес.


Сенім мен құрмет

Жаныңыздағы жаннның тек жаман жақтарын көріп, жинақтай берсеңіз, онда оны уақыт өте келе сыйлау қиынға соғады. Сондықтан арадағы сыйластық пен сенімді жоғалтпау керек. Ол үшін бір-біріңіздің жақсы жақтарыңызды жиі айтып, еске алып тұрған жөн.


Бақытты, үйлесімді отбасы тек қана фильмдерде ғана емес, өмірде де кездеседі. Тек ол үшін аз ғана сабырлық пен шыдам және нақты қадам қажет.

Дайындаған: Эльмира Базарбаева,

ERNUR.KZ