Жыл соңына дейін қосымша 2 кәсіпкер өз ісін бастауды көздеп отыр.
Түркістан облысы Түлкібас ауданында жыл санап балық шаруашылығымен айналысатын кәсіпкерлер қатары артып келеді.
Солардың бірі - биыл іске қосылған Арыс ауылдық округіндегі «Бай» жеке кәсіпкерлігі. Ол өзіне тиісілі 10 гектар жерінің 5 гектарына 6 жасанды тоған қазып, соның 2-не алғашқы балық шабақтарын жіберіп отыр. Біріне 10 мың дана форель балығының шабақтарын жіберсе, екінші тоғанға 300 дана бекіре балығының шабақтарын жіберген. Аталған шаруашылыққа аудан әкімі Асқар Естібаев, аудан әкімінің орынбасары Ғани Құрманбай арнайы барып, жұмысымен танысты. Кәсіпкер қалған 5 гектар жеріне қауын, қарбыз, алма, жүгері және сәнді ағаштардың көшеттерін отырғызып, алдағы уақытта бұл жерді демалыс аймаққа айналдыруды көздеп отыр. Аудан басшысы кәсіпкердің ісіне оң бағасын беріп, балық жемінің 30 пайызын субсидиялау бойынша жауапты орынбасарына нақты тапсырмалар берді.