14 қараша күні Қазақстан бойынша латын әліпбиінде онлайн режимінде диктант жазылады.
иллюстрациялық фото: ашық дереккөзден
2019 жылы мектептің дайындық сыныбына баратын оқушылар және жоғары оқу орындарының бірінші курс студенттері мен магистранттарына латын әліпбиін үйренуді бастайды. Бұл жайында Түркістан облысының өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте мәлім болды, – деп хабарлайды ERNUR.KZ тілшісі.
Онда «Латын негізді әліпби мен емле ережесі туралы насихат» жобасы бойынша ғалымдардан құралған насихаттық топ мүшелері ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитеті және Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен облыста өтетін семинар барысы жайында кең көлемде баяндады.
Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл қазына» ұлттық ғылыми практикалық орталығы бас директорының кеңесшісі Оразкүл Асанғазықызы латын әрпіне көшу бойынша жұмысшы тобының атқарған жұмыстарымен таныстырды.
- Қазіргі таңда emle.kz сайты жұмыс істейді. Онда барлық азаматтар латын әліпбиімен танысып,ұсыныс-тілектерін жолдай алады. Латын әліпбиі біздің тарихымызда болған. Сондықтан қайта оралу қиынға соқпайды. Жаңа жасақталған латын әліпбиі арқылы біз сырттан сөз алғанда өзіміздің төл дыбыстарымызға реттеп алатын боламыз. Бұл Байтұрсынов сынды қайраткерлеріміздің бастамасы, - деді Оразкүл Асанғазықызы.
Баспасөз мәслихатында ғалым Жазира Ағабекова жаңа әліпби 2019 жылдан басталып кезең-кезеңімен сатылап енгізілетінін айтты.
Айта кетерлігі, ағымдағы жылдың 14 қараша күні Қазақстан бойынша латын әліпбиінде онлайн режиімінде диктант жазылып, бүкілхалықтық қолдау көрсетілмек.