Концерт қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды.
Абай облысының өнерпаздары киелі Түркістан шаһарында өнер көрсетті, деп хабарлайды ERNUR.KZ.
Түркістандағы облыстық «Farab» әмбебап-ғылыми кітапханасында Абай облысы, Көкпекті ауданы, Тассай ауылдық округінің өнерпаздары арнайы келіп, өнер көрсетті.
«Түркістан — ер түріктің бесігі ғой» атты концертті Тассай ауылдық округі мәдениет үйінің меңгерушісі Қабдыкәрім Байжұмановтың өзі жүргізіп, әуезді әнмен бірге көркемсөзбен көріктеді. Кеште республикалық байқаулардың жеңімпазы, тассайлық әнші Саяхат Тұрлыбеков пен жергілікті әншілер мен жеткіншек бишілер өнер көрсетті. Сонымен қатар тассайлық қос ақын Манарбек Бекіш пен Фархат Маратұлының айтысы көрермен назарын аудара білді. Ал хордың орындауындағы ән мен күй көпшілікті тебірентті.
Кеш соңында Тассай ауылдық округінің әкімі Ержан Мәзібаев сөз сөйлеп, шараның мақсатына тоқталып өтті. Киелі Түркістаннан бөлек, Моңғолия еліне де өнер сапармен баруды жоспарлап отырғанын жеткізді. Сөз соңында Көкпекті ауданы әкімінің атынан шараға атсалысқан кітапхана директоры мен ұжымына алғысын білдіріп, сый-сияпат табыстады.
Зайсан көлінің жағасында орналасқан қазақы ауылдың көркемөнерпаздарымен қоса зиялы қауымы мен мемлекет қызметкерлері де атсалысқан концерт қала тұрғындары мен қонақтарына ерекше әсер қалдырды.